Ал олардың қызметкерлері алдындағы берешегі 453 миллионнан асып жығылады. Бұл мәселе Парламент Сенатының жалпы отырысында қаралды. Енді еліміздегі кәсіпорындарды банкрот деп тану үшін заң жаңашаланып, толықтырылмақ.
Бизнесті оңалту рәсіміне де айтарлықтай өзгеріс енгізіледі. Толықтырылатын заң жобасы кәсіпорындарды сот арқылы банкрот деп тану шарасын жеңілдетпек.
Әлихан Смаилов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі: «Іс жүзінде, күрделі қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілері айтарлықтай көп. Қолданыстағы заң кәсіпкерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әрбір төртінші жағдайда сот банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Сот болар-болмас активтің болуын қарыздар бойынша есеп айырысу мүмкіндігі ретінде бағалайды».
Бүгінде банкрот деп танылып үлгерген кәсіпорын жұмысшыларының алдындағы берешегі 5 млрд. теңгеден астам. Орташа есеппен әрбір жұмысшыға 346 мың теңгеден төленуі тиіс. Алайда заңда жұмысшыларға тек 3 айлық минималды жалақы төленеді деп көрсетіліпті. Заңның бұл тұсы сенатор Айгүл Қапбарованың көңілінен шыға қоймады.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламент Сенатының депутаты: «Ең төменгі 3 айлық жалақы көлемінде төленеді деп көрсетілген. Алайда, банкротқа ұшыраған мекеменің жалақы қарызы одан да көп болса, қызметкерлердің құқығын кім қорғайды? Жалақы жанайқайы бүгінде ол халықтың жағдайы, елдің тыныштығы. Үлкен әлеуметтік мәселе»
Заң жобасын Парламенттің жоғарғы палатасы бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен, депутаттар екінші оқылымға жіберу үшін біраз толықтырулар енгізуді ұсынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саны бар, жұмыс істемейтін кәсіпорындар санын қысқарту жайлы тапсырма берген болатын. Қабылданатын заң осы жүктемені орындаудағы алғашқы қадам болмақ. Себебі, елді тақырға отырғызған әрі берешегі белшеден болған кәсіпорындардан тазаламаса, экономика дамымайды.
Меруерт Ахан