«Бәленің бәрі келінімнен». Редакциямызға хабарласқан оқырманымыздың айтары осы. Өзін Ахмад деп таныстырған қария отбасындағы қайғылы жағдайға келінін кінәлайды. Сөзінше, келіні бұл отбасының көзін құртып, бар мал-мүлікті иемденіп алмақ екен.

КЕЛІННІҢ АЯҒЫНАН…

Отбасына түскен бар ауыртпалық пен төнген қауіпке келінін кінәлайтын ол әңгімесін былай бастады.
– Біз екі ағайынды жігітпіз. Ағам отбасылы. Жалғыз ұлы бар. Ал мен үйленбедім. Бір-екі рет отбасын құруға оқталған едім, әйтеуір жолым болмады. Содан, сұрбойдақ қалпымда келемін. Бірақ, әңгіме менің «жеке өмірім» жайлы емес, ағамның жалғыз ұлы Давранның әйелінде болып тұр. Сол сұр жылан отбасымыздың шырқын бұзып, жалмап барады, – деп күрсінді оқырманымыз.

Оның сөзінше, отбасынның берекесі осыдан 10 жыл бұрын Давран үйленгенде кетеді. «Содан бері басымыздан қайғы арылмады» деген Ахмад атай көз жасына ерік берді. Ал пәленің келіннен екеніне төмендегідей мысалдарды тізбектеп берді.

«Манзура келін болып түскеннен кейінгі үшінші күні көршінің өзі қатарлас баласымен ұрысып қалады. Әлгі жігіт ауру еді. Ауылдағылар оны «Жынды» дейтін. Бір күні есік алдын сыпырып жүріп, Манзура онымен сөз таластырып қалады. Жанжалды естіп сыртқа шықсам, әлгі баланың анасы да сол жерде жүр екен. Арасына түсіп әлек. Кенет Манзура қалтасынан бір нәрсені алып, әлгі баланың бетіне шашып жібергеніне куә болдым. Сөйтіп не керек, ақыр соңында үйді-үйімізге тарастық. Алайда, арада үш күн өткен соң әлгі жігіттің асылып өлгенін естідік. Ал артында қалған анасы қайғыға шыдай алмай ішімдікке салынып кетті. Осы бір қайғылы жағдайдан соң көрші-қолаң біздің үйді айналып өтетін болды, – дейді ол.

ҚАЗА ҚАЗАҒА ҰЛАСТЫ…

Ахмад атайдың сөзінше, олар көпке дейін көрші-қолаңнын келіндері жайлы қауесет сөздеріне құлақ аспаған. Өсек-аяң, қаңқу сөз деп жүре беріпті. Алайда, бір жылда бір емес, екі қайғылы жағдай есігін қаққанда келіндерінен күдіктене бастаған.
– Манзураның қара сиқырға жақын екенін естідік. Тіпті, көрші ауылдың тұрғындарынан келіннің нағашы әжесі дуамен айналысады дегенді деқұлағымыз шалып қалатын. Бірақ, оған мән бермеппіз,- дейді ақсақал.
Қарияның ойынша, дуамен айналысатын келіндері Давранның басын айналдырып алған. Оның сиқыры бұларға да көпке дейін әсер еткен екен. Сол себепті де Манзураның қара пейілі мен арам ниетін байқамай келген-міс.
– Манзураның келін болып түскеніне 1 жыл болғанда, әкеміз із-түзсіз кетеді. Кейін оның Ресейде қаза болғанын естідік. Әкеме туған елінің жері бұйырмаса да, бір уыс топырағы бұйырсын деп, Ресейге жол жүрдім. Қайтып келсем анам хал үстінде жатыр екен. Көп ұзамай ол кісі де келмес-ке кетті. Артынша ағам, Манзураның туған қайынатасы да жазылмас дертке шалдығып төсек тартып қалды.

МҰРАГЕР ЖОҚ…

Ахмад ағай келінінің пейілі арам екеніне оның перзент сүймегені дәлел, екендігін айтады. Себебі, осы 10 жылда Манзура бала туралы бірде бір рет жақ ашпаған. Ол туралы Давран да сөз қозғамайды екен.
– Жалпы, атадан бір тұяқ қалу керек деген ұстаным тек Азия елдерінде ғана емес, өзге ұлттарда да бар емес пе? Давран – біздің әулеттің жалғыз жалғастырушысы. Ертелі-кеш мен де бақилық боламын. Сондықтан одан бір тұяқ қалу керек. Алайда менің бұл ойым келінге ұнамайды. Бала туралы сөз қозғасам, бұрылып кетіп қалады. Бірде, «Келін, осылай жүре бересіңдер ме? Қазір медицина дамыған заман. Жасанды жолмен бала көтер! Не болмаса, Давранның басын босат» дедім. Сонда: «Бізде не шаруаңыз бар, күйеуім осы күнімізге де риза. Сізге не жоқ!» деп сөз қайтарды. Міне, сол күннен бастап Манзура мені өзіне жау етті. Содан бері 3 жыл өтті. Бұл 3 жыл мен үшін отыз жылмен пара-пар, – деп күрсінді Ахмад қария.

ҚОРҚЫНЫШ ЖАУЛАП АЛДЫ

Жақында көптен бері төсек тартып жатқан бауырынан айырылған Ахмад енді кімге барып өзінің жан сырымен бөлісетінін білмейді. Сөзінше, ағасы жазылып кететін еді. Бірақ, келіні ағасына жағдай жасамаған. «Енді қайынатасының көзін құртқан келін менің түбіме жетпек», – дейді.
– Ағамды жер қойнына тапсырған соң, 3 күннен кейін менің жағдайым нашарлай бастады. Денсаулығыма шағымым болмаған. Өмірі жүрегім ауырмайтын еді. Бірақ, кенеттен жүрек талмасына ұшырадым. Сөйтіп, бір жақ бетім тартылып, аяқ-қолымнан жан кетіп сал болып қалдым. Ауруханада 1 ай емделдім. Жағдайым жақсарған еді. Үйге келген соң қайта денсаулығым сыр бере бастады. Ойымша келінім менің тамағыма «бір нәрсе» қосады. Содан жазылмай келемін. Ал соңғы күндері менің үйдегі телефоныма белгісіз біреулер қоңырау шалып, үндемей тұрады. Бір рет қоңырау шалса, мақұл ғой. Күніне 5-6 рет. Сондықтан күдіктене бастадым. Соңғы айдағы кіріс қоңырауларының үзіндісін алдырдым. Маған ұялы нөмірден қоңырау шалыпты. Қайта хабарлассам, өшірулі тұрады. Тексертсем, келінімнің інісінің нөмірі болып шықты. Бірақ, ол нөмірді жоғалтып алғанын айтып ақталды. Алайда, мен олардың арам пиғылы барын білемін. Ол мені «жынды» қылмақ. Сөйтіп, мені ауруханаға жатқызып, 2 бөлмелі пәтерімді басып қалмақ, – қауіптенеді ақсақал.

Ахмад ағайдың айтуынша, ол құқық қорғау органдарына да, прокуратураға да арызданған. Бірақ, оның Манзураға қатысты айыптаулары дәйексіз деп табылып, іс жабылған екен. Әйтсе де, ақсақал келінінің қара ниеті бар екеніне сенімді. Ол сыртқа шығуға қорқатынын айтады. Давранның үйіне барудан қалыпты. Себебі, келіннен шошып қалған. Үйде отырғанда да есік-терезені бекітіп, ешкімге ашпайды екен. Үй телефонын да алдырып тастапты. Ұялы сымтетікті де ұстамайды.
– Жалпы, қараңғы бөлмеде жалғыз отырамын, дейді.
Аптасына бір рет сыртқа шығып, газет-журнал алады екен. Бірақ, өз өмірінен қорыққаны сонша, енді газет-журнал алу үшін де сыртқа шықпайтын шығармын дейді. Сондықтан да, өзінің көкейін өртеп жүрген күдігімен бөлісіп қалмақ ниетте бізге келіпті. Бар пәлені келіннен көріп, өмірін қорқынышта өткізіп жүрген Ахмад ағайға сабыр тілеп, психологтың көмегін ұсынғаннан басқа қолдан келер шара жоқ.

Жазып алған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №50, 11 желтоқсан 2019 ж