«Еркек атаулыны жек көріп кеттім»

425

Редакцияға хабарласқан келесі кейіпкеріміз тағдырлас нәзік жанды арулардың біріне болмасын бірінің өмірінің өзгеруіне өз хикаясының әсер ететініне сенімді. Бізге хабарласар алдын ұзақ ойланған ол соңында тағдырын қаз-қалпында баяндауды жөн көрген.

Сәлеметсіздер ме? Менің жасым 33-те. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Анамыз аурушаң болды. Әкеміздің тапқан табысы 6 балаға жете бермейтін. Үнемі қара жұмыс істегендіктен, арасында әкеміздің денсаулығы да сыр бере бастаған еді. Үйде үлкен ағамыз және үлкен әпкеміз ғана жоғары оқу орнында оқыды. Өйткені олар грантқа түскен еді. Ал мен, сіңлім және екі кіші інім университет оқи алмадық. Екі інім колледжге сырттай оқуға тапсырып, өз беттерінше жұмыс істеп жүретін. Әкеміздің табысы анамның дәрісінен аспай қалған кездері ағам мен әпкемнің стипендиясына қарап қалатын күндеріміз де болып тұратын. Үйіміз теміржол вокзалының тура жанында болды. Сондықтан сіңлім екеуміз пакет сататынбыз. Кәдімгі зат салатын пакет. Пойыз келіп тоқтаған сәтте екеуміз екі жағына қарай айқайлап затымызды өткізу үшін жүгіретін едік. Вокзалда үлкенді-кішілі көптеген саудагерлер болатындықтан пойыз тоқтаған сәтте ешкім ешкімге қарамайтын. Біздің жасымыз кіші-ау деп ойлап жатқан адам жоқ. Бәрі де қу тіршіліктің қамымен жүретіндіктен біреуге сын да айта алмайсың. Бір пакетті 5 теңгеге сатамыз. Күніне көп дегенде 80-100 теңгенің шамасында сауда жасаймыз.
Сіңлім екеуміз пойыз қозғалып кеткен соң ортада кездесіп, жолдан екі нан алып үйге қайтатынбыз. Кейде бір нанға ғана жететін ақша табушы едік. Сол кезде небәрі 15 жаста едім. Ал сіңлім 14-те. Уақыт өте отын сататын болдық. Ағаш теріп, оны бумалап сатамыз.
Ағаштан түсетін пайда пакетпен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ақырындап үйге нанмен бірге май және тағы басқа азық-түлік алатынбыз. Азық-түліктен бөлек өзімізге аяқ киімге де қалатын. Жаңа аяқ киім киген сәттегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Үлкен ағамыз оқуын аяқтап, жұмысқа тұрды. Әпкеміз де соңғы курсында оқып жүрген кез.
Екі інім өз қажеттіліктерін өздері қамтамасыз ете бастады. Сіңлім екеуміздің табысымыз да үйге көп көмек болды. Қыз болғандықтан болар біз табысымызды өзімізден гөрі үйімізге көбірек жұмсадық. Анамыздың дәрісіне де ақша беріп тұрдық. Бір күні сіңлім қатты тұмауратып, бірнеше күн жұмысқа шыға алмады. Сол күндері мен бір өзім шығып жүрдім. Пойыз түнде келіп кететіндіктен үйге де кеш қайтатын едім. Күнделікті келіп кететін жол және үйіміз қатты алыс болмағандықтан өзім жалғыз шығып, жалғыз қайтып жүрдім. Үшінші күні отындарымды өткізіп, ақшамды алып, жақсы табыспен үйіме қайтып келе жатқанда мүлдем күтпеген жағдайға тап болдым.
Үйімнің көшесіне бұрыла бергенде алдымнан бір еркек шықты. Қап-қара киініп алған. Біздің көшенің бойында сол бұрылыста енді салынып жатқан үйдің ішіне кіргізіп, сәл дауысымды шығарсам, өлтіретінін айтты. Қорыққаным соншалық үнімді шығармадым. Несін айтайын, қалшылдап дірілдеп, оның түріне де мән бермеппін. Не керек, тірлігін тындырды да жоқ болды. Орнымнан қалай тұрып, үйіме қалай барғанымды білмеймін. Дарбазадан сүйретіліп кіріп келе жатқанымда алдымнан әпкемнің шыққаны ғана есімде.
Содан кейін не болғаны есімде жоқ. Есімді жисам, бас жағымда әпкем отыр екен. Жағдайымды мен айтпай-ақ түсінген. Жылағаны көрініп тұр. Сол күні анамыздың ағасы келін түсіріп, бәрі сол жаққа кеткен еді. Келісім бойынша, біз әпкем екеуміз бірге баратын болғанбыз. Маған алаңдап, алдымнан шықпақшы болған сәтте менің халімді көрген ғой.
Сонымен әпкеме қарап жылай беремін, не болғанын айта алмаймын. Ол болса, бәрін түсініпті. Киімімді ауыстырды, жуындырды. Шай беріп, сәл де болсын өзіме келгеннен кейін маған қарама-қарсы отырып: «Бұл жағдайды екеумізден басқа ешкім білмейді, сен де ешкімге айтпайсың. Мен оқуымды аяқтағанша, бір ай үйден шықпай демаласың, содан кейін Астанаға менімен бірге барасың. Оны қазір әкеміз бен анамызға айтқаннан ешқандай пайда жоқ. Біріншіден, ол адамның кім екенін білмейсің. Кім екені белгісіз болғандықтан «дәл мынау» деп біреуге кінә арта алмаймыз. Екіншіден, сенің мұндай жағдайға ұшырағаның отбасымызға тек қана қайғы мен бақытсыздық әкеледі. Ол адамды тапқанның өзінде, ақшалы біреу болып шығып, бәрін ақшаға сатып алса, сен жаман атты боласың. Анамыз өзі ауырып жүргенде бұл қайғыны көтере алмайды. Әкеміз болса намыстан өліп кетуі мүмкін. Ағаң мен інілерің не істейтінін айтпай-ақ қояйын. Сондықтан да жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Мен саған қолдау көрсетемін. Айтқанымды орында» деп жылап отырып айтты.
Шынымен де, ол кезде жағдайымыз ел қатарлы да емес еді. Әпкемнің айтқаны менің де көңіліме қонды. Әпкемнен басқа ешкімнің білмейтіні де бір жағынан сәл де болсын жаныма тыныштық берді.
Осылайша бұл біздің арамыздағы үлкен сыр болып қалды. Мен әпкем оқуын аяқтағанша үйден аттап баспадым. Жан-жағымдағы адамдардың бәрінен күдіктендім. Ешкімнің бетіне қарай алмаймын. «Мүмкін анау шығар, мүмкін мынау шығар» деген сияқты күдіктер жанымды жегідей жеді. Бір ай бір ғасырға созылғандай болды. Тез Астанаға кетуге асықтым. Үйдегілерге вокзалда жұмыс істегеннен шаршағанымды айттым. Олар да «кішкентайыңнан сені қара жұмысқа салдық» деп түсінік танытты. Сіңлімді де жібермедім. Оны колледжге оқуға тапсыртқыздық. Ақыры күткен уақытым да жетіп, Астанаға жол тарттық. Ұзақ уақыт өзіме келе алмадым. Еркек атаулыны жек көріп кеттім. Ұйқымнан қорқып ояна беремін. Өзімді ешкімге керек емес адамдай сезіндім. Жүрегімде бір үлкен жара пайда болды. Бір жылға жуық өз-өзіммен арпалыстым. Әпкемнің де табысы жақсара бастап, мені психологқа апарды. Ұзақ уақыт психолог кеңесіне жүгіндім. Міне, сол маманның кеңесінің арқасында өмірге басқаша қарай бастадым. Қайтадан сәл де болсын өз-өзіме келдім. Бір танысымның асханасында жұмыс істедім. Жұмысыма алдандым. Өзімді толықтай жұмысқа арнадым. Осылайша тек асхана-кафелерде жұмыс істеп келемін. Басыма қиын жағдай тап болған сәтте 17 жаста едім. Еркек адамдарға деген жек көрушілік сезімім басым болғандықтан болар 31 жасыма дейін тұрмысқа шығу жайлы ойланған да емеспін. Әпкем де сіңлім де тұрмысқа шықты. Екі інім мен ағам да отбасылы. Үйдің жағдайы да жақсарған. Арасында психологқа арасында барып тұрамын. Мамандардың кеңесімен және әпкемнің ақылымен алдыма келген еркектің бәрін кеудесінен итере бермей тұрмысқа шығуды ойландым. Жаратқан мейірімін төгіп өте жақсы адаммен жолықтым. Оған басымнан кешкен оқиғамның бәрін ашық айттым. Мені қалай болсам солай қабылдады. Қазір баламыз бар. Бақытты отбасымыз. Мен сияқты қыздар көп екенін білемін. Өйткені тек маған өзім сияқты мұңдас қаншама қыздар сырын ақтарды. Бәрінің асыл жар, аяулы ана болуға құқы бар екенін айтқым келеді. Уақыт бәріне емші дейді ғой. Ғажап өмірді босқа өткізбеңіздер. Бақытты болуға бәріміздің қақымыз бар».

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №1-2, 8 қаңтар 2020 ж