«Сахнадан талай Науанды көрдім. Солардың ішінде даралау етіп ойнағаны Қапан Бадыров еді. Ол кісі бір бағытта, қатыгездік ауанында, жан шошытар жауыздық бояуын қоюлата түсетін. Мына Рақымов жолдастың Науаны қырының көптігімен ұнады, жауыздық пен қулықты қатар қару етеді. Науан – Хазірет осылай болуы керек» — Ғабит Мүсірепов.
«Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік…»
деп Абай ақын жырлағандай, әлқиссамыздың кейіпкері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ошат Рахимов ұлт дарабозы Ғ.Мүсірепов атап өткендей: «…Осылай болуы керек» мадағына лайық жан болатын.
Додалы жарыста дара ғана оза алса керек. Әсіресе, өнер додасында. Рөл – жалғыз. Ойнайтын – екеу. Мәселе, екеудің қайсы көрермен көңілінен шығады, сонда жатыр. Театр әлемінің қиындығы да сонда. Екінің бірі озып келуі керек.
… «Қайда барсам да, қайда жүрсем де киелі мекенімнің құдіретті күші өзегімді талдырмай, көштен қалдырмай ер жеткізді» — деп тебіренетін Ошат аға арамызда жүргенде үстіміздегі жылы 80 жасын тойлар еді-ау?.. Ұлы тұрақтамаған ата-анасы Ошат аға өмірге келгенде жеті кемпірдің астынан, қала берді паравоздың астынын өткізіп, тірі қалуын құдайдан тілеген екен. «Әкемнің қарындасы Сарықыз әпкем: «Сенің әртіс болғаның паравоздың астынан өткізуіміздің шарапатынан» деп әзілдеп отырушы еді» — дегенді актер аға еске алып отыратын. Әкесінің: «Ошақ басынан кетпейтін Ошақбай болсын» деген тілегі орындалып, Ошат аға туған жерден алыстамай өнер жолына еңбек етті.
Тағдыр – талпыныстан тұрса керек. Бала күннен бойында «білсем, көрсем» деген ұмтылысы бар Ошат ағамыздың бұйығы ауыл ортасынан сонау арманға айналған Алматы қаласына жалғыз баруына дүмпу болды.
… «Кішкентайымнан өзім қарайлас балаларға ұйытқы болып, ойын ұйымдастыратынмын. Кешкілікте ойыншықтарды түгелдей жинап алып, үйді қоймаға айналдырып жіберетінмін…»- деп, өнерге деген талпынысы балалық шақтан басталғанын күле еске алатын Ошат ағаның алған асулары мен жеткен жетістіктері өздігінен келген жоқ. Суырып салма айтыскер анасы Ажар, ауыл-аймаққа танымал әнші болатын. Анасынан берілген өнерге деген таусылмас махаббат, арман арқалаған Ошат Рахимовты – Алматыға жетелеп әкеледі. Қазақ театр өнерінің дүлділі Құрманбек Жандарбековтің қамқорлығы – арман арқалаған жігіттің төбесін көкке жеткізгендей, өнер жолын жаңылмай табуына себін тигізеді.
Өткен жылдардың мәнділігі мен бақытты кезеңі уақыт сыртылы бәсеңсігенде маңыздылыққа ие болатыны әлімсақтан белгілі жайт болса керек. Ошат ағаның сахналық серіктері өткен күндер елесінен дарынды актермен ойнаған сәттерін сағына еске алады.
– Ошекең екеуміз 1962 жылы күзде бір күнде театрға келгенбіз. Менің түрім қойды ауылдан келгендей шаң-шаң, қомыт-қомыт. Ошекең болса, сахнадан жаңа түскендей қырлы шалбар, туфлиінің тұмсығына шаң тимеген, әппақ көйлек-көстемде, сықиып отырды. Директор В.Дьяковтің қабылдау бөлмесінде таныстық. Бізді жұмысқа қабылдау үшін, директор төрт бірдей Халық артистерін жұмыстан шығаруы керек болыпты. Мені 80 рубль жалақымен, Ошекеңді 60 рубль жалақымен жұмысқа қабылдады. Театр М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен гастрольге шығып жатқан кез екен. Ошекең Балпықты ойнаған екен, труппаға қосылып гастрольге кетті де қалды. Балпықты қатырып ойнап келіп, мен алатын 80 рубльдік жалақыға өтті де кетті. Мен 60 рубльді қанағат етуіме тура келді. Ошекең сахнаға жарқ етіп шыққанда, тамсанбайтын жан қалмайтын»- деп, сахнадағы серіктесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Ілиясқаров сағынышпен еске алды.
Актердің шеберлігін қатал саралаушы – театр сыншысы. Актер жан-дүниесінің Кейіпкермен үндесуі,қабыса ойналуын қалт жібермей қатаң қадағалайтын сыншының жылы лебізін алу, актер үшін үлкен мәртебе.
«Хазірет- Рақымовтың ойыны сауатты. Актер ойынында интеллект басым. Хазіреттің ақылдылығын, тек даңғара дін иесі еместігін актер ұтымды аңғартады» — Әшірбек Сығай.
«…1957 жылы алғаш ашылған өнер студиясына түсіп, оны бітірген соң 1960-62 жылдар аралығында қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында жұмыс істедім. Бұл жылдар менің өміріме сара жол ашқан, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін, қуса жеткізбейтін, қашса ұстатпайтын, қалтарыс-бұлтарысы көп актерлік жолымды айқындап берген, үмітім ысталмай, тынысым тарылмай бүгініме жеткізген кезеңнің бастауы еді. Осы үш жыл ішінде өнер ордасында көп жыл оқығаннан артық нәр жинадым десем артық айтқандық емес. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен мәдениетінің екінші онкүндігіне өнер майталмандарымен бірге қатысу, маған бұйырған ең үлкен бақыт десем қателеспеймін» — деген Ошат Рахимовтың сөзі, уақыт шеңберінен шығып – галактикаға ұласқандай.
– Ошекең сахнада нағыз партнер еді. Тартысатынбыз. Тартысып кеп бергенде, сахна жанып кететін. Жасандылығы жоқ тартыста кейіпкеріміздің жан сырын ақтарып, ішкі күйзелісіне дөп түсуімізге себепкер болатын. Партнер деген – сахнада құтқарушың ғой?! Бүгіндей ондай партнер жоқ. Ошекең сахнада шынайы партнер бола білген біртуар актер еді, — деген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» орденінің иегері Сапар Өтемісұлының жүрекжарды еске алған сәті тыңдаушының көзіне жас үйірері һақ.
1962 жылдың қараша айынан бастап елу жылға жуық Шанин театрының сахнасында екі жүзге жуық рольді: Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» — Қозы, «Қыз Жібекте» — Бекежан, «Ақан сері- Ақтоқтыда» — Ақан, Хазірет, М.Әуезовтің «Абайында»- Оразбай, Жиренше, Әбдірахман, «Еңлік-Кебекте» — Көбей би, Шекспирдің «Асауға- тұсауында» — Люченцио т.с.с. екі жүзден аса кейіпкерді сомдау, сахнадан сөйлету, екінің-біріне бұйыра бермейтін шығармашылық бақыт, бақ болса керек.
– Театрға жастай келдім. Режиссер Баянның роліне салды. Сахнада Ошат ағамен ойнаймын. Қозының мені құшақтайтын сахнасында қысылып, тартқыншақтаймын. Спектакльден соң Ошат аға: «Қалқам-ау, неге сонша тартқыншақтайсың?! Сахнада Баян екеніңді ойла. Қойылымнан соң қарындасымсың. Өнерде шынайы болу керек» деп ақылын айтатын. Ошат ағам Бекежан боп сахнаға жарқ ете әуендетіп шыға келгенде, сахнаның артында бәріміз сығңалап қарап тұратынбыз. Ағамыздың театрға сіңірген еңбегі ерен. –Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құпия Рахымбердиеваның жүрек тебірене еске алған сөздерінен О.Рахимовтың қарындасқа деген ағалық қамқорлығының табы жылуын сөндірмегенін көрдік.
Сахнада өшпестей із қалдырған саңлақ актер Ошат Рахимов ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай…
Сая Қасымбек
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі.
«Оңтүстік Рабат», №50, 11 желтоқсан 2019 ж