Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында «ПетроҚазақстанОйлПродактс» серіктестігі ұжымы зауыт төңірегіндегі Жұлдыз, Жалын, Қарабастау елдімекендерінде тұратын аз қамтылған 25 отбасына қолдау көрсетіп, азық-түлік жиынтығын табыстады.

«Күнделікті тұтынатын ұн, өсімдік майы, күріш, қант артықтық етпес, қаморлықтарың үшін алғысымыз шексіз»,- дейді Қарабастау аулының тұрғындары.

 

Бүгінгі қайырымдылық акциясынан бөлек, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» серіктестігі Жұлдыз тұрғын алабындағы мектептерге он жылдан бері әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Осындағы екі мектепке 12 млн. теңгенің оқу техникалық құралдарын алып берсе, әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасыларынан шыққан балаларға мектеп формаларын тарту етті.

Гүлназ Әшірбаева, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС -нің өкілі: «ҰОС және еңбек ардагерлеріне қолдау көрсету, Қарабастау ауылында ҰОС  майдангерлеріне, мұқтаж және мүгедек жандарға 4 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілді. Жалпы зауыт 21 млн. теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетті».

Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндіріске жақын орналасқан елдімекендегі ауыл ақсақалдарымен үнемі кездесіп тұрады. Мақсат – тұрғылықты халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде шешіп, қажет болса қолдау көрсету дейді «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің өкілі.

Кездесу барысында ауыл белсенділері мүмкіндік болса, зауыт басшылығы қарияларымызға денсаулығын сауықтыруға санаторияларға жолдамалар бөлсе деген өтінішін жеткізді. Барлық ұсыныстар кәсіпорынның әлеуметтік жобасына енгізілетін болды.

Шынар Оразова