Түркістан облысының полицейлері газ құю бекетін тонаған қылмыстық топты ұстады

132

Келес ауданында газ құю бекетін тонаған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келес АПБ-не ауданға қарасты ауылдың бірінде орналасқан газ құю бекетінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызданады. Ол тасжол бойындағы газ құю бекетінде таңғы 04:00-дер шамасында жұмыста отырған кезінде белгісіз азаматтар келіп, газ құйып беруге шығуын өтінген.

Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол шыққан сәтте, әлгі жігіттердің бірі басынан белгісіз затпен ұрып, құлатады. Келесі біреуі кассадағы ақшаны беруді талап етеді. Алайда кассада ақша жоқтығын көрген күдіктілер, жәбірленушінің қалтасындағы құны 70 000 теңге тұратын ұялы телефонын тартып алып, келген көліктеріне мініп, Жетісай ауданы бағытына кетіп қалған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жылдам жеткен полицейлер күш қолдану арқылы шабуыл жасалғанын анықтады. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің көлігін анықталып, осы іске қатысты 4 күдікті Шымкент қаласында ұсталды. Олар сол қаланың тұрғындары болып шықты.

Күдіктілерден жәбірленушінің ұялы телефоны айғақзат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктілер газ құю бекетін тонағаннан жарты сағат бұрын 30 шақырым қашықтықта орналасқан жанар-жағар май бекетінен жанармай толтырып құйдырып алып, ақшасын төлемей кеткені белгілі болды. Одан бөлек Шымкент қаласындағы осындай қылмыстарға қатыса бар-жоғы анықталуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.