«Талақ» айтып, кешірім сұрайтын күйеуден шаршадым»

814

Редакциямызға хабарласып, «Тағдыр» айдарына арналған хикаясын баяндаған кейіпкеріміздің өмірлік жарынан көңілі қалыпты. Айтуынша, күйеуімен арада аз-кем түсінбеушілік туындаса болғаны, күйеуі бірден талақ айтуды әдетке айналдырған. Бұған ұзақ уақыт мән бермей, кейін келе-келе бұл сөздің төркінін түсініп, ойланған кейіпкеріміз қазір жолдасынан бөлек тұрып жатыр. Жан дертімен бөліскен ол «Оңтүстік Рабат» газетінің тұрақты оқырманы екен. Өз хикаясын баяндай отырып, «Психолог бұрышы» және «Имам сөзі» айдарларындағы маман кеңесіне де жүгінгісі келеді. Кейіпкердің хикаясын жазып алып, жариялап отырмыз. Алдағы уақытта «Психолог бұрышы», Имам сөзі» айдарлары арқылы психолог кеңесі мен имам айтарын да жариялаймыз.

Сәлеметсіздер ме? Шымкент қаласының тұрғынымын. Жасым 33-те. 2 баланың анасымын. Осыдан 3 жыл бұрын бірінші күйеуіммен ажырастым. Бірінші күйеуім вахталық тәсілмен жұмыс істейтін. Біз шаңырақ көтергелі тек сыртта жүрді. Маған келмейтін. Үйленгенімізден 3 жылдан кейін басқа облыстан әйел тауып алғанын айтып, хабарсыз кетті. Содан кейін мен де заңды түрде ажырасуға арыз беріп, одан басымды арашалап алдым. Араға 3 жыл салып, тағы да отбасын құрдым.
Бірінші күйеуімнен еркектің отбасына көрсеткен құрметі қандай болатынын білмей келдік. Ауылда, ата-енемнің қолында тұрдық. Ажырасқаннан кейін балаларымды алдым да Шымкентке келдім. «Жалғыз шешеме масыл болмайын» деп, балаларымды балабақшаға бердім да бірден жұмысқа шығып кеттім. Қандай жұмыс екені де ойландырмады. Бала-шағаны асырау керек. Өз аяғыма тұрған соң бірден бөлек шығып кетуді ойлап, сол үшін аянбай еңбек еттім. Осылайша, жұмыс істеп жүрдім. Айлығым бірде жетеді, бірде жетпейді. Бастысы балаларымды аш қалдырмадым, жыртық киім кигізбедім. Үш айдан кейін балаларыммен бөлек шықтым. Сол кезде біраз қиналдым.
Арада бір жарым жылдай уақыт өткенде студент кезімізде қыз-жігіт болып жүрген жігітті кездестірдім. Бір университетте оқығандықтан, ортақ танысымыздың туған күнінде кезігіп қалдық. Ол да әйелінен ажырасқан екен. Содан сөйлесіп, араласа бастадық. Оның да екі баласы бар екен. Балалары аналарымен бірге тұрады. Бұл тек аптасына бір рет балаларын қыдыртып, керек-жарағын алып беруге ғана баратынын айтты.
Содан ол мені бірге тамақтануға шақыра бастады. Үйімде жетпей жатқан кем-кетіктің бәрін алып беретін. Қаржы жағынан үлкен жәрдем етті.
Жалдамалы пәтердің төлемақысы жетпей жатса, ойланбастан қалтасынан шығарып беретін. Тіпті ішіп-жейтін ас-ауқатты да өзі алып беріп жүрді. Ең бастысы — балаларыма өте жылы қарым-қатынас жасады. Әкенің мейірімін білмейтін балаларым да оны ерекше ықыласпен қабылдады. Ол үйге келсе, қатты қуанады.
Кезінде біз бір-бірімізді шынайы жақсы көріп жүрген едік. Тек оның ата-анасы: «жағдайы нашар жердің қызын алмайсың, бізбен құда болуға лайық жер емес» деп отбасын құруымызға қарсы болған еді. Әкесін қатты сыйлағандықтан, сөзінен шыға алмай, ата-анасының құда болғысы келетін әулеттен қыз алған. Тек үш жыл ғана отасып, кейін ажырасып кеткен. Әйелінен ажырасу себебін қанша сұрасам да айтпайды. Араларында не болғанын білмеймін, бірақ содан кейін әйел затына сенуден қалған.
Не керек, біз жарты жылдай араласып, кейін некемізді қидырдық. Ешқандай обалына қалмаймын. Ол маған да, екі балама да өте жақсы қарады. Балаларыма бір де бір рет дауысын көтеріп, қатты сөйлеген емес. Табысы, тұрмысы жақсы болғандықтан, балаларға керектің барлығын алып берді. Өз туған балаларынан кем қарамады. Өзінің екі баласынан да әкелік қамқорлығын аямайтынын көріп, біліп жүрдім.
Бірақ мені шаршатқан бір мінезі бар. Мен онымен қалай араласа бастадым, содан бастап маған көптеген шектеу қойды. Боянуыма, шашымды қырқуға, құрбыларыммен, әріптестеріммен отырыстарға баруға мүлдем тыйым салды. Мен көндім. Бастысы, екеуміз балалармен бірге қыдырдық, бірге демалдық. Қайда барсақ, бірге жүрдік.
Алайда мен әріптестеріммен жиналып, көңіл көтеруден қалдым. Ұжымның отырыстарына мүлдем аяқ баспаймын. Оған көндіктім. Шектен шыққаны сол, жұмыста онымен тек қана видеозвонокпен сөйлесіп отыруым керек. Оның талабы сол. Сөйлеспесек те, телефонның видеокамерасы қосылып тұру керек. Жұмысқа барғаннан не істеп не қойғанымды, не ішіп-жегенімді бәріне есеп беріп отырамын. Тіпті жанымда отыратын әріптестерім маған күлетін болды. Мазақ қыла бастады. Ұялсам да оның айтқанын орындадым.
Сондағы ойым – қашанғы осылай жүреді, бір күні қояды деген үміт қой. Бірақ ол тоқтамады. Оның айтқанын орындаған сайын, шектен шыға берді. Егер бір рет хабарласқанда көрмей, не естімей қалып, жауап бере алмасам, онда сол күні құлағымнан сөз кетпейтінін білемін.
«Не істедің, неге телефонды көтермедің, сол сәтте жігіттермен сөйлестің бе» деген сияқты ақылға қонбайтын сауалдарын қайта-қайта қойып, мазамды алады. «Шыдамның да шегі бар» демекші менің де шыдамым таусыла бастады. Ұрысымыз тек сол үшін ғана болады. Жас емеспіз. Екеуіміз де отыздың ортасындағы адамдармыз. Оның қойған сауалдары — мені бір жүргіш адам сияқты сезіндіреді. Басқа себептерден емес, тек осы себептен түсініспей қалатынымыздан шаршап кеттім.
Бір күні мен де жарылдым. Маған сенбесең, есікті көрсетіп, кете беруін айттым. Ол ашуланып тұрып «талақ» айтты да кетіп қалды.
Бірақ ертеңіне қайта келді. Кешірім сұрап, жалынып-жалпайып, өзінің әрекеті артық екенін мойындап келген соң, мен де кешірім бердім. Мен оңайлықпен ашулана бермейтін адаммын. Уәдесін алған соң қайта бірге тұрдық. Арадан шамалы уақыт өткен соң, сол баяғы әуеніне тағы басты. Тура сол қылығын қайталады. Бәз-баяғы ақылға қонымсыз сұрақтар, орынсыз қызғану, сенбестік тағы басталды. Мен үнсіз, біраз уақыт шыдап бақтым.
Онымен отырып ашық сөйлесуге де қаншама рет тырыстым. Бірақ сұрақтарымның бәріне толыққанды жауап ала алмаймын. Ол – барлық жағынан өте жақсы адам. Маған көрсеткен қамқорлығы, балаларымды жақсы көруі, біздің керек-жарағымызды міндетсінбей қамтамасыз етуі. Соның барлығына өте ризамын. Дегенмен, жан-жарың саған сенбестік таныта берсе, бұл да өте қиын екен. Үнемі буынып жүргендей күйде боламын. Жай ашуланып та, жылап та айттым. Себебін сұрадым. Бар айтары: «саған емес, айналаңдағы адамдарға сенбеймін» дейді, болды. Осылайша отбасылы болған бір жылдың ішінде бірнеше рет «талақ» айтты.
«Талақ» айтып алады дағыны кейін өзі өкініп қайтып келеді. «Жаздым, жаңылдым» деп кешірім алмайынша қоймайды. Алайда, адам шаршайды екен. Ол ешқандай дінге жақын адам емес. «Талақ» айтудың себебін де білмейтін сияқты. Сол сөз айтылса, арада некенің бұзылатынын да білмейді-ау. Мен де ол сөздің мағынасын толық біліп кетпеймін.
Десе де имамдардан сұрағам келеді. «Талақ» айтылған соң қанша уақыттан кейін некені қайта қидыруға болады және бір еркектің болар-болмас себептермен «талақ» айта беруі қаншалықты дұрыс? Күйеуі әйеліне неше рет талақ айтса, қайта некелесуіне мүлдем болмайтыны жөнінде қандай да бір қағида бар ма? Дін адамдары не дер екен?
Ал күйеуімнің әйелге мүлдем сенбеуінің сыры неде? Қанша әңгімеге тартсам да айтқызы алмадым. Мүмкін бұрынғы әйелі тарапынан опасыздыққа ұшырады ма екен? Білмеймін. Мен оның туысқандарымен араласпаймын. Сондықтан жақындарынан да достарынан мүлдем сұрай алмаймын. Өзі айтпаған нәрсені олар қайдан айтсын. Мүмкін мен ойлағандай жағдай болмаған да шығар. Оны психологқа апаруға қалай көндірсем екен? Бұл жайында психолог кеңесін білгім келеді.
Қазір біз тағы да екіге айырылдық. Әзірге кешірім бермей жүрмін. Ұрысып «талақ» сөзі айтылғаннан кейін бірнеше рет қайта қабылдадым. Енді бәрін біліп алмайынша, оған оралғым келмейді. Бастысы, әйел адамға деген сенімін қайтарғым келеді. Тек осындай ұсақ-түйек жағдайдан үнемі отбасымыздың шырқы бұзылады. Ол маған жұмыс та істеткізбей, үйде отырғызып қойғысы келді. Бірақ мен екеуміз қосылар алдында оған қойған жалғыз талабым да осы жұмыс еді. Сол себепті де амалсыз көнген. Жан-жарыңның сенбеуі, сенімсіздік танытуы – үлкен күйзеліс екен.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №48, 27 қараша 2019 ж