2019 жылдың айтулы оқиғалары

496

2019 жыл қандай оқиғаларымен есте қалды? Елді күңірентіп, дүр сілкінткені қайсы? Қоғамды қуанышқа бөлеген жаңалықтар мен жүрек ауыртқан қайғылы оқиғалар тізімін жасап көрдік.

Өткен жыл еліміздің жастары үшін жағымды жаңалықпен бастау алды. Қаңтар айында 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды. Осы жыл бойына елімізде жастарға қолдау көрсету жоспарланды.

Дегенмен 2019 жылдың ақпан айы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғамен жалғасын тапты. Елорда тұрғындарының бес бірдей баласы өрттен қаза тапты. Бүкіл қазақстандықардың қабырғасын қайыстырған оқиғадан кейін көп балалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Ал наурыз айында ел тарихында елеулі оқиға орын алды. Қазақстан республикасын 27 жыл басқарған Н. Ә. Назарбаев мемлекет басшысы қызметінен кетті.
Осы айда Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.


2019 жылдың маусым айында да есте қаларлық екі оқиғамен жалғасын тапты. Оның біріншісі кезектен тыс Президенттік сайлауымен есте қалды.

24 маусымда еліміз бойынша тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Дәлірегі Арыс әскери бөлімінің оқ дәрі қоймаларында жарылыс болды. Елді есеңгіреткен қайғылы оқиға осы жылдың ең шулы оқиғаларының бірі болып тарихта қалды.

2019 жылы еліміздегі бірнеше нысанда шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында жаппай төбелес орын алуымен де есте қалды. Атырау облысындағы «Теңіз» кенішінде жергілікті қазақтар мен араб жұмысшыларының арасында 29 маусым күні жаппай төбелес болды. Араб азаматының қазақ қызымен түскен суретін әлеуметтік желіге жариялағанынан басту алған оқиға қазақ жұмысшалырының көтеріліп, шетелдік жұмысшыларды соққыға жығуымен аяқталды.

Араға екі ай салып осыған ұқсас оқиға орын алды. 13 тамыз күні Қарағанды облысының «Жәйрем» кенішінде жергілікті тұрғындар түрік компаниясының жұмысшыларымен төбелесті. Бұған да әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі басты себеп болды.

Тағы да екі айдан кейін 21 қазанда Алматы облысының Ақсу ауданында жол салып жатқан Қытай компаниясында қытай жұмысшылары өз араларындағы этникалық қазақты жабылып ұрып-соқты. Осыны естіп ашынған жергілікті жастар өндірістік аймаққа басып кіріп, қытай жұмысшыларын соққыға жықты.

Қыркүйек айында орын алған тағы бір қайғылы оқиға Ақсеңгір-Шамалған учаскесінде болды. Белгіге қарамай теміржолға бет алған автобус жүргізушісі пойызға соғылды. Автобуста 67 жолаушы болған. Бұл апаттан кейін жергілікті тұрғындардың наразылығы күшейді. Өткелдегі тұрақты кептеліске шағымданды. Осыдан кейін Алматы облысының әкімі теміржол өткелінің құрылысына 360 миллион теңге бөлінетінін айтты.

Жағымсыз жаңалықтардың көптігімен есте қалған жыл желтоқсан айында тағы да қайғылы оқиғамен аяқталды. 27-ші желтоқсан күні таңға жуық Алматыға жақын жерде Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Алматыдан Нұр-Сұлтанға жол тартқан. Әуеге көтерілгеннен кейін Fokker-100 биіктігін жоғалтқан. Әуежайдың бетон қоршауын бұзып өткен ұшақ екі қабатты ғимаратқа соғылып барып құлаған. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза тапты.

2019 жылы келеңсіз оқиғалар ғана болды деуден аулақпыз. Бұл жылы ел еңсесін көтерген жағымды жаңалықтар да болды. Солардың бірі Димаш Құдайберген америкалықтардың назарын аударып, The World’s Best шоуында топ жарды. Байқауда қазақстандық әнші .O.S d’un terrien en détresse әнін орындады. Димаш 100-ден 98 балл жинап, әлемге еліміздің атын танытты. Сонымен қатар, ерекше өнер иесі Ресейде «Жыл әншісі» деп танылды. Жапонияға, АҚШ-қа барған сапарларында жанкүйерлері тарапынан күтпеген құрметке бөленді.


2019 жылдың сәуір айында «Голос. Дети» шоуында жерлесіміз Ержан Максим екінші орынды жеңіп алды. Алайда бұл нәтиже әлеуметтік желіде біраз шу туғызды. СМС арқылы дауыс жинау нәтижесінде екінші орынға түсіп қалған әнші баланы өз жанкүйерлері мен ресейлік шоу-бизнес жұлдыздары қолдады. Ержан Максим «Голос. Дети», «Детское Евровидение» халықаралық байқауларында 2-орын алып, әлем жұртшылығын тамсандырды.

ТҮЙІН: 2019 жылғы жағымсыз жаңалықтар жылмен бірге жабылып, 2020 жыл тек жақсылғымен келсін, ағайын. Жағымды жаңалықтар көп, жағымсыздары жоқ болсын!

Дайындаған ЖАНЕРКЕ ХУМАР