«Қалалық мүгедектер қоғамының» диспетчерлеріне күніне 200 — ге жуық шақырту түседі.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емдеу қабылдайтын орынға және жұмысқа жетуі үшін инватакси шығыны мен қызметкерлердің жалақысын әзірге қоғамдық бірлестік өз есебінен төлеп отыр. Бірақ, жұмыс тоқтап қалуы мүмкін.
Айзат Бейсенова, «Қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ аға диспетчері: «Басшымыз тағы да жұмыс тоқтатылатыны жайлы ескертті. Үш балам бар. Оларды да асырау керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларды бала — бақшаға, оқушыларды оңалту орталықтарына жеткізу керек. Мәселе тез арада шешілсе екен».
Қаланың мүмкіндігі шектеулі тұрғындарына 2011 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан қоғам қызметкерлерінің көңілін күпті еткен қаржы мәселесі. Онсыз да жаңа жылдан кейін екі аптаға қаңтарылып қалған жұмысты жалғастыруға ақша жоқ. Ал бюджеттен бөлінетін қаржының кімге берілетіні әлі белгісіз.
Вадим Торопов, «Қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы: «Өкінішке қарай, осы күнге дейін конкурс өтпеді, жеңімпаз анықталмады. Жаңа жылдан бастап жұмысымызды тоқтатуға мәжбүр болдық. 13-ші қаңтардан жұмысқа кірістік. Алайда бастамамыз ұзаққа созылмас. Қызметкерлердің жалақысы мен міндетті салықтардан бұрын инватаксидің бағытқа шығуына қажетті жанармайға қаржыны қайдан аламыз».
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағы жауаптылардың мәлімдеуінше мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында инватакси қызметін биыл көрсететін мекеме айдың соңында анықталмақ.
Нұрғали Егембердиев, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар инватакси қызметі жайлы мәселе көтеруде. Мемлекеттік тапсырыс Заңына сәйкес барлық процедуралар заң аясында өтуде. 8 қатысушы қызметпен айналысуға өтініш берді. 3 күнде шақыртулар жіберіліп, келісімшарт түзіледі. Біздің талап бойынша қатысушыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жабдықталған 18 инватакси болуы шарт. Жеңімпаз анықталса, бұл қызмет түрлері айдың соңына қарай көрсетіле бастайды».
Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін көмек көрсететін такси қызметі тоқтаса біраз адам қиналып қалайын деп тұр. Онсыз да айдың басынан бері жұмыссыз отырған біразының ем-домы қалып қойған.
Шынар Оразова