Әл Фараби аудандық сотында қоғам белсендісі, белгілі видео-блогер «Руслан Жанпейісов» атымен танылған Бибарс Райымбековтың  ісі қаралып жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған.

Сот отырысына жәбірленушілермен қатар, куәгерлер де арнайы шақырылды. Яғни, бұл жолы қоғамдық ортада, көпшілік орындарда бейәдеп сөз айтып, балағаттады деген тәртіп сақшысы Мұрат Қуандықовтың сөзін қоштап, әріптестері келді. Патрульдік полициясының қызметкерлері видео-блогердің үнемі Қуандықовтың ізіне түсіп, сол арада ар-намысына тиетін сөздерді жиі қолданатынын айтып салды. Сондай-ақ, қауіпсіздік белбеуін тақпай Мерседес көлігін тізгіндеп, соңынан қару кезеген Жанпейісовтың құрбаны болдым деген Мұсаев та сотта жәбірленушілердің қатарынан табылды. Ол сол қарудың кесірінен, көзін химиялық күйік шалғанын, салдарынан денсаулығына орташа дәрежеде зиян келгенін алға тартты. Тіпті Жанпейісовты кешірмейтінін және оның тиісті жазасын алуын талап етті.

Ал Бибарс Райымбеков өзіне тағылған айыптармен келіскен жоқ.

Сержан Нұрпейісов, Әл Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры: «Азамат Бибарс Райымбековке ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру», 378-бабының 2-бөлімі «Билік өкілін қорлау» бойынша айып тағылуда. Құқық бұзушының қадамы туралы деректер сарапталып, негізге алына отырып, бұл іс соттың қарауына ұсынылып отыр».

Мөлдір Бекеева