Қамауға алынған қоғам белсендісі аппеляциялық алқаға арызданбақ

1011

Шымкенттік белгілі видео-блогер қамауға алынды. Көпшілікке Руслан Жанпеисов деген атпен танымал Бибарс Раймбеков төтенше жағдай тәртібін бұзды деген айыппен 35 тәулікке қамалды.

Қоғам белсендісі 12-сәуір күні «Қапал батыр» көпіріндегі блок-бекетке «Опель» автокөлігімен келіп, «Adil Stroy Project» ЖШС-нің заңгері екенін және өзін бекеттен өткізуін талап еткен.

Анықталғанындай, бұл кәсіпорын елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қызметін уақытша тоқтатқан. Сондай-ақ, әкімшілік сот Раймбековты қоғамның тынышын бұзып, тәртіпті сақтауға шақырған полицейлердің қызметіне кедергі келтірді деп тапты. Және бекеттегілердің назарын аударып, видео-жазба түсірген, әлеуметтік желіге тікелей эфирге қосылып, жағымсыз пікір жолдағанын да анықтап отыр. Ал қоғам белсендісінің қорғаушысы бұл тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, қазіргі уақытта аппеляциялық алқаға арыздану үшін құжат рәсімдеп жүргенін жеткізді.

Закир Асадов, адвокат: «Біз бұл тағылған айыптармен келіспейпіз. Қорғауымдағы азамат – Бибарс Райымбеков төтенше жағдай режимін бұзған жоқ. Тиісінше, ол көпшілікке көмектескісі келді. Енді біз аппеляциялық алқаға шағымданамыз. Себебі, бұл жағдайда полицейлердің жіберген заңсыз әрекеттері бар. Заң алдында бәрі жауап беруі керек».

Айта кетейік, Раймбеков бұған дейін осыған ұқсас әрекеті үшін бірнеше рет сотты болған.

Мөлдір Бекеева