Қордай оқиғасы нені байқатты?

388

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 10 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми дерегі осы. Бұдан бөлек 25 жеке тұрғын үй, 31 коммерциялық нысан және 41 автокөлік зақымдалып, көбі өртелді. Оқиға Қордай ауданының Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында болған. Қырғызстан шекарасына жақын орналасқан бұл ауыл тұрғындарының басым бөлігі – этникалық дүнгендер.

Оқиғадан кейін үкіметтік комиссия құрылды. Қордай ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Осы оқиғаға байланысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда негізінен қазақтар және этникалық дүнгендер арасында өрбіген жанжалдың нақты неден шыққаны анықталып жатыр. Бірнеше себеп айтылып, түрлі видеолар тарады.

Әзірге ең көп айтылатын нұсқа – бірнеше тұрғын жолға таласып, бірінің көлігін бірі өткізбей, ақырында төбелеске ұласқан. Мұның соңы полицейлердің келуіне жалғасып, ақырында жаппай тәртіпсіздік болған.

Осы қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз еркімен отставкіге өтініш жазып, қызметінен кетті. Оның орнына вице-премьер Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Ол осы оқиға бойынша құрылған үкіметтік комиссияны да басқарады.

Жамбыл облысының бірқатар басшылық қызметіндегі тұлғалар қызметінен босатылды. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі, облыстық полиция департаментінің бастығы да бар.

Ал Тоқаев оқиға болған күні Twitter парақшасында: «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды.

Сонымен бұл оқиғаны байқатты? Нендей сабақ аламыз? Дәлірегі, ел билігі мұндай жанжалдар тағы қайталанбауы үшін не істеуі керек?

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева azattyq.org сайтына берген сұхбатында соңғы 10 жылда Қазақстанда қазақтар мен басқа ұлт өкілдері арасында бірнеше рет үлкен дау туындауына не себеп екенін айтты. Саясаттанушының жауабын ықшамдап жариялап отырмыз.

– Меніңше, бірнеше себебі бар. Алғашқысы – криминал. Құқықтық мемлекет тұрғысынан алғанда, мәселе – осы. Қоғам ішінде ұлттық, криминалдық мәселелер қордаланып жатқандықтан осылай болды. Бірақ мәселені бұлай шешуге жол бермеуіміз керек. Адамдарды ұруға, өлтіруге, біреудің үйін ойрандауға болмайды. Ең әуелі онда балалар болғанын ұмытпауымыз керек. Бұған тұрғын үйлерді талқандай бастағандар жауапты. Мұндай мәселелерді реттейтін құқықтық механизм болуы тиіс. Меніңше, қақтығысқа қатысқан қазақтар да, дүнгендер де заңды түрде жазалануы керек.

Бұл мәселенің әлеуметтік тұсы да бар. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері шешілмеген, жұмыссыздық бар. Азаматтар қорғансыз. Саяси тұсы, жаңа айтқанымдай, «мемлекет құрушы ұлт» түсінігіне байланысты. Бұл мәселе шешілмеген. Мұны шешпейінше, осы сипаттағы қақтығыстар жалғаса береді. Төртіншісі – әкімшілік деңгейдегі мәселе, яғни ұлтаралық мәселелерді реттеу жағы. Бұл да ақсап тұр.

Мұндағы негізгі себеп – мемлекет тарапынан басқару жүйесі жоқ. Ұлтаралық мәселені Қазақстан халқы ассамблеясына беріп қойды. Бірақ ассамблеяның әлдене шешетін құзыреті жоқ. Ол жай кеңесші орган ғана. Ал қолында құзыреті бар мемлекет мұнымен айналысқысы келмейді. Ұлтаралық мәселені қарастырудағы қарама-қайшы жүйенің соңы осындай қақтығыстарға алып келді,- деді Толғанай Үмбетәлиева.

Оның айтуынша, билік осы Қордай оқиғасында ең алдымен барлық тарапты тыңдауы тиіс.
– Бірінші болып қазақтарға құлақ асуымыз керек. Қазақтардың этникалық топ ретіндегі наразылығы барлық жерде күн өткен сайын байқала бастады. Біз кінәні қазақтардың этникалық тобына емес, нақты осы дауға себеп болғандарға артуымыз қажет. Ашық талқылап, бар тарапқа сөз беруіміз керек. Оңай әңгіме болмасы анық. Бірақ қандай болса да, диалог орнауы тиіс.

Қазақтар «мемлекет құраушы ұлт» дегенді қалай түсінетінін айтуы керек. Одан кейін басқа этникалық азшылықтар өзінің «мемлекет құраушы ұлт» дегенді қалай ұғатынын айтып, қарым-қатынас орнату керек. Мемлекет адам кім екеніне, қайдан шыққанына қарамастан, адам болғаны үшін ғана Қазақстанда еркін күн кешетіндей жағдай жасауы керек.

Адам негізгі құндылыққа айналмайынша, этникалық топқа бөліну жалғаса береді. Қандай да бір мәселені шешкенде қазақ, орыс не басқа ұлт деп мән беріп тұратын боламыз. Адамға осында өмір сүрген жақсы болуы керек. Оған біраз уақыт кетеді. Бірақ бастысы бір-бірімізді құрметтеп, татулықта күн кешеміз бе, әлде ұлтқа бөлініп алып, осындай қақтығысқа ұрына береміз бе – соны анықтап алуымыз керек,- деді Толғанай Үмбетәлиева.

«Оңтүстік Рабат», №7,  12 ақпан 2020 ж