Әлі күнге дейін импорт киеміз…

123

«Қазақстандықтар әлі күнге дейін шетелдің киімдерін киеді. Себебі, жергілікті кәсіпорындар бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр». Шымкентке іс — сапарлап келген сенаторлар осылай дейді.

Халық қалаулылары жергілікті кәсіпорындарда болып, бизнес өкілдерімен кездесті. Мегаполистің зауыт-фабрикалары импортты алмастыруда қаншалықты әлеуетті?

Үкіметтің алдында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш 25 пайызды құрайды екен… Осынау олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр.

Сенаторлар кәсіпорындардың әлеуетін көзбен көріп, іскерлердің қолын байлаған кедергілерге қанығу үшін өңірлерге арнайы сапарлап жүр. Шымкенттегі ең қуатты саналатын жеңіл өнеркәсіп нысандарын аралап, бизнес өкілдерінің мұң-мұқтажын тыңдады.

Халық қалаулылары тоқыма фабрикасында да болды. 7 жылдан бері нарықта келе жатқан кәсіпорын қазір 700 — ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Осы уақыт аралығында мемлекеттен берілген қолдаулардың арқасында қосымша цехтар ашып, тың технологияларды да өндіріске енгізіп жатырмыз дейді кәсіпкерлер.

Шекара асып келіп жатқан медицина, қорғаныс саласына қажетті тоқыма бұйымдарын отандық өніммен алмастыруға фабриканың қуаттылығы толықтай жетеді деп сендірген директор сенаторларға мемлекеттік тапсырыстарды реттеп беруге ықпал етуді сұрады.

Комитет өкілдері кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер енгізу бойынша да ұсыныстар әзірленетінін айтады. Алдағы Парламент тыңдауында халық қалаулылары бизнес өкілдерінің базыналарын ескеріп, Үкіметкке нақты ұсыныстар жолдайтын болады.

Мақпал Рысбаева