Қатты дауыл «Жыланбұзған» орта мектебінің шатырын ұшырып әкетті

753

Төлеби ауданындағы «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінің 436 оқушысы сабақтан босатылды. Мектеп директоры Күлзира Алтаеваның айтуынша, өткен жексенбіде, яғни 9 -ақпанда түскі сағат 14:00 шамасында қатты тұрған желден үш қабатты мектеп ғимаратының шатыры ұшып кеткен. Электр бағаналары құлаған, ғимаратта электр жарығы жоқ.

Оқушылар  дүйсенбі күнгі сабақтарын сенбі күні оқитын болды. Төлеби аудандық білім  бөлімі  басшысының міндетін атқарушы  Бақытқали Жақыповтың мәлімдеуінше, төтенше жағдай орын алған мектептегі шатырды мердігерлер жөндеп біткенше, «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінің оқушылары сабақтарын шамамен екі шақырымдағы «Сұлтан Рабат» орта мектебінде жалғастырады.  Оларды  тасымалдайтын көліктер де дайын,-дейді жауаптылар.

«Жыланбұзған» жалпы орта мектебі пайдалануға 2014 жылы тапсырылған. Құрылысты «РСУ-1» ЖШС-і жүргізген. Айта кететін жәйт, төтенше жағдай кепілдік мерзімінен кейін орын алғандықтан, аталған мердігер компания шатырды қалпына келтірмейді.

Жауаптылардың айтуынша мектептің шатырын басқа мердігерлер жөндейді. Төлеби аудандық төтенше жағдайлар бөлімі орын алған төтенше жағдайды тіркеп, акт түзген.

Аудандық құрылыс бөлімімен бірігіп келтірілген шығын көлемін анықтайды.

Шухрат Хасанов, «Сұлтан Рабат» жалпы орта мектебінің директоры: «Біз  «Жыланбұзған» мектебінің оқушыларын қабылдауға дайынбыз. Төтенше жағдай орын алған мектепте болып, неше сынып бөлмесі қажет екенін анықтадық. Қажеттілік 24, алайда біз 27 сынып бөлмесін әзірлеп қойдық».

«Сұлтан Рабат» мектебі

Бір апта ма, әлде екі апта оқиды ма, шатырды жөндеп біткенше, жыланбұзғандықтар екінші ауысымда оқиды.

Төтенше жағдайлар министрілігінің таратқан хабарламасында 9 — ақпанда Жыланбұзғанда жылдамдығы 29 м/с  жел тұрып, салдарынан  мектептің шатыры ұшып кеткен. Оның салмағынан мектептің қоршауы, осындағы жоғары кернеулі электр таратушы желілер үзіліп, 7 бағана   құлаған. Желден спорт залдың шатыры, мектепке жақын орналасқан үйлер мен нысандардың шатырына ешқандай зақым келмеген.  Мектеп шатырының табиғи құбылыстан, не мердігер компанияның  сапасыз жұмысынан ұшып кеткенін тиісті органдар анықтай жатар.

Ауылдағы ағайынның ауызбіршілігіне тәнті болдық. Бір кісідей құлаған құрылыс заттарды бір жерге жинап, қолдарынан келген көмегін көрсетуде.

Әли Махмуд, Жыланбұзған ауылының ақсақалы

Әли Махмуд, Жыланбұзған ауылының ақсақалы: «Немерелеріміз осы мектепте оқиды. Қолдау көрсетеміз ел болып, қаражат керек болса, оны да жинаймыз».

Шынар Оразова