Ғ.Сыздықбеков қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан жігіттің отбасына көңіл айтты

Шымкентте қараусыз қалған ғимараттардың бірінде қайғылы жағдай орын алды. Бұрынғы Фосфоршылар сарайының шатыры құлап, 18 жастағы жігіт үйіндінің астында қалды. Ол алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Ғимарат шамамен бір ай бұрын қалалық әкімдіктің балансына өткен еді. Дегенмен, нысанға қатысты бұзу немесе оны қалпына келтіру туралы шешім қабылданбаған болатын.

Қараусыз қалған фосфоршылар сарайының бір бөлігі құлап, бір азамат үйінді астында қалып қаза тапты. Оқыс оқиға болған сәтте нысан ішінде үш адам жүрген. Ескі ғимараттың бір бөлігі құлаған кезде оның екеуі қашып үлгерген. Ал тақта мен кірпіш үйінділерінің астында қалып қойған 18 жастағы медициналық колледждің екінші курс студенті сол сәтте жан тапсырған. Оны құтқарушылар кинологтармен бірге іздеді. Бірнеше сағаттан кейін құлаған шатырдың астынан жас жігіттің жансыз денесі шығарылды.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «Қараусыз қалуына байланысты оның барлық құрылыс жобасы, сапасы толығымен төмендегеннен кейін, оған кіруге негізгі түрде қатаң тыйым салынған болатын. Дегенмен, үш жасөспірім ол ескертпелерді елемей, видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау мақсатында кірген. Ғимаратқа кіруге қатаң түрде ескертпе жарияланған. Рейд болады, яғни тұрғындардың кірмеуі жөнінде ескерту жұмыстары жүргізіледі».

Естеріңізде болса осы жылдың қараша айында Фосфоршылар сарайы Шымкент әкімдігінің балансына алынған болатын. Жылдар бойы иесіз тұрған ғимарат қауіпті бола бастады. Нысанның қабырғалары үгітіліп, төбенің бір бөлігі алынып, арқалықтар кесіліп тасталған. Бірақ бұл жағдайлар – мұнда келетін жастарға тоқтау болмады.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жастар Тикток түсіруге құмар. Жақында ғана «Жездуха» деген сериал түсірілді осы жерде, клиптер түсірілді. бала еліктегіш келеді. Сондай мақсатпен келген болса керек. Біз осы бойынша полиция департаменті тапсырма беріп, патруль қойғанбыз».

Қазір ғимараттың сыртын қоршау үшін оның айналасына шұңқыр қазылып жатыр. Фосфоршылар сарайының жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Ал жас жігіттің қайтыс болу фактісі бойынша «сапасыз құрылыс» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан жігіттің отбасына көңіл айтты.