Саңырауқұлақ өсіріп, кәсібін дамытып отыр

236

 

 

Сарыағаш ауданында атаулы әлеуметтік көмек өткен жылдың сәуір айынан бастап 13 мыңнан аса отбасыға тағайындалған. Мемлекет тарапынан берілетін көмек күнкөрісі төмен отбасыларға өз кәсіптерін ашып, дамытуға берілген зор мүмкіндік.

Бұл бағдарлама азаматтарға өз кәсібін ашуға жағдай жасайды. Атаулы әлеуметтік көмек алып, жағдайын жақсартып отырғандардың бірі Дербісек ауылдық округінің тұрғыны – Амангелды Рахинбаев.

Көпбалалы отбасының отағасы Амангелды Сайфутдинұлының жасы 36-да. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап шартты ақшалай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 490 920 теңге көлемінде қаражат алған отбасы тұрғын үйінің бір бөлмесін арнайы жасақтап, саңырауқұлақ өсірумен айналыса бастаған. Төрт баланың әкесі Амангельды алдағы уақытта жеке кәсібін одан әрі дамытып, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартқысы келеді. Еңбекқор Амангелдінің тұңғышы 12-де болса, кенжесі – бір жаста. Жұбайы бала күтімінде.

Дербісек ауылдық округіндегі есепті кездесуден кейін әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасының үйіне аудан әкімі М.Отаршиев арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысы мемлекеттен алған көмекке өз кәсібін жүргізіп отырған отбасыға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бүгінде өзгеге алақан жая бермей, өмірін жақсарту әркімнің өз қолында екенін дәлелдеген Амангелді секілді жандар бүгінгі таңда өзгелерге үлгі болып отырған отбасылардың бірі.