Шымкентте «сары нөмірлер» беріле бастады

401
18-аймақ

Шымкентте Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінен әкелінген автомобильдер мен Қазақстанда уақытша тіркелген көлік иелеріне ерекше мемлекеттік нөмір беріле бастады.

18-аймақ деп белгіленген сары нөмірлер Шымкент қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеткізілген. Онда полиция департаменті қызметкерлері мен кеден және салық басқармасының мамандары отырып, алдымен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Тиісті нөмірді көлік иесінің атына содан кейін рәсімдейді.

Шымкентке бұл ерекше мемнөмірлердің 1000 данасы жеткізілген. Бірақ, әзірге бірде-бір адам келіп, сол Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автокөліктерін тіркемеген.

Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді Ішкі істер Министрлігінің базасына тіркеу олардың Қазақстандағы нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Егер бір жыл ішінде азамат қандайда бір себептермен көлігін тіркетпеген жағдайда, елден мәжбүрлеп шығарылады. Ал иесі тіркелген көлікті Қазақстаннан тыс әкеткісі келсе, оны тіркеу есебінен шығаруға міндетті. Оған автоның бұрынғы нөмірі қайтарып беріледі.

Жалпы, 2021 жылдың 1-ші наурызынан бастап мұндай көліктердің елде жүруіне тиым салынады.

Мөлдір Бекеева