Түркістан облысында 120-дан астам Армениялық көлікке сары нөмір берілді

220

 

Түркістан қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков тұрғындарға Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек онлайн режимде, Полиция департаментінің әлеуметтік парақшаларында тікелей эфир арқылы желі қолданушыларының да сұрақтарына нақты жауаптар беріп, жан-жақты түсіндіріп өтті.

Полиция полковнигі А.Тастанбеков өз сөзінде: «Жалпы, Түркістан облысына Армениядан әкелінген көліктер саны 531. Оның ішінде жаңадан шыққан қаулыға сәйкес тіркеуге жататындары – 330 көлік. Бүгінде маусым айының 1-інен бастап облыс бойынша 120-дан астам көлік тіркеліп, сары нөмір алып үлгерді. 10 күн ішінде 300-ге жуық тұрғынға кеңес берілді. Осы тіркеу бойынша жергілікті халық тарапынан көп қойылатын сұрақтардың бірі тіркеп болған соң, тағы да баж салықтары алынады ма? Мен айтар едім, әрине жоқ. Тек бір рет тіркесеңіз болды. Өздеріңізге белгілі, Үкімет қаулысына сәйкес 1 маусымнан бастап ҚР азаматтарына Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталған болатын. Ол үшін үш төлем жасалады. Төлемнің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Облыс тұрғындары естеріңізде болсын, Армениялық көлігіңізді 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тіркеуге болады. Тіркеу Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында иесі ретінде көрсетілмеген тұлғаларға жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, бұл көлікті өзге адамның атына аудара алмайсыз. Түркістан облысы полицейлері Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істейді»-деп атап өтті.

Өз кезегінде жаңа жыл қарсаңында Армениядан BMW маркалы автокөлік әкелген тұрғын Денис Аспендияров полицейлерге алғысын білдірді. «Ризамын, енді еш қорқыныш жоқ. Көлігімді заңды түрде тіркедім. Ол үшін жарты сағат қана уақытыммен, 12 000 теңгеге жуық ақшам кетті. ПД мен ХҚКО-на алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, осындай шешім шыққанына дән ризамын»-деп өзінің ризашылығын білдірді.

Осылайша, Түркістан облысында тұрғындарға Армения Республикасынан әкелінген автокөліктерді тіркеп, сары нөмірлер беру бойынша түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Полиция. кз