Шымкентте жыл соңына дейін 7 мектеп пайдалануға беріледі

175

Шымкентте жыл соңына дейін 7 мектеп пайдалануға беріледі Былтыр Шымкентте оқушылар саны бірден 10 мыңға артқан. Шәкірттер қатарының көбеюі мектеп жетсіпеушілігіне әкеліп соқты.

Қазір кей балалар жалдамалы ғимараттарда білім алып отыр. Шенеуніктер мұндай әлеуметтік нысандарының құрылысына қаншалықты қарқын беріп отыр? Қаладағы үш ауысымды білімнің мәселесі қашан шешіледі?

Бұл 1200 орынға лайықталған Шымкенттегі №87 мектептің қосымша ғимараты. Былтыр шәкірт саны күрт артып кеткен соң білім саласына жауаптылар осы маңайдағы мына екі қабатты ғимаратты жалға алған. Оқушыларға аса ыңғайлы болмаса да бастауыштың 20 сыныбы осында орналастырылған.

Мектептің қарама-қарсысында 1200 орынға лайықталған білім нысаны салынып жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс ғимараттың қазір сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік кестеден кешікпеу үшін құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істейді.

Қалада 7 000 орындық 12 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 7-ін қолданысқа береміз дейді құрылыс басқармасының өкілдері.

«Асар» шағынауданы оқушылары да мектеп ғимаратының жетіспеушілігінен 3 ауысымда білім алуға мәжбүр. Жыл санап халық саны көбейіп келе жатқандықтан елді-мекен оқушылары екі мектепке де сыймайды екен. Құрылысы аяқталса шәкірттер қазір іші, сырты әрленіп жатқан осы ғиамаратқа жайғастырылады.

«Асар-2» шағынауданынан бой көтеріп келе жатқан 1200 орындық мектептің қазір инженерлік коммуникациялық жүйелері жүргізіліп жатыр. Шаһарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 10 мың орындық 10 білім нысанының құрылысы басталған. Салаға жауаптылар 19 үш ауысымды мектептің мәселесі алдағы 2 жылда толығымен шешіледі деп сендірді.

Мақпал Рысбаева