«Есіл уақытым еш кетті…». Діни алауыздық туғызғаны үшін сотты болған азамат өкінішін осылай білдірді. Жат ағым насихатталған дәрістерге қатысып, оны әлеуметтік желіде жариялаған кейіпкеріміз қазір абақтыда отыр.

Жерден жұмақ іздеп адасқан азаматтар тура жолға түсуге қаншалықты ниетті? Жазасын өтеушілермен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарынан нәтиже қайсы? Арам пиғылдылардың арбауына түсіп, діни алауыздық туғызғандарды қандай жаза күтіп тұр?

Аты-жөнін жасырған бұл кейіпкеріміз 5 баланың әкесі. Кезінде кәсібін дөңгелеткен бай-қуатты бизнесмен болған. Жерден жұмақ іздеймін деп алдымен жеке ісін тоқыратып алды, ақыр соңында бас бостандығымнан айрылып, абақтыдан бірақ шықтым дейді.

Өзге ағымның шырмауына өзі ғана емес екі ұлы да түсіп, істі болған екен. Бірі жуырда ғана жазасын өтеп, бостандыққа шығыпты. Бірі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Ал өзі әлі бір жарым жылын түзеу мекемесінде өткізуі тиіс.

«Білместікпен жаза бастым» деп өкінген сотталушы өзі ұстанған ағымының қызметіне елімізде тыйым салынғанынан бейхабар болғанын айтады. Ғаламтор арқылы өткен жат дінді насихаттауға бағытталған лекциялық дәрістерге қатысып, оны әлеуметтік парақшасында жариялапты.

Діни алауыздықты қоздырды деп айыпталған жазасын өтеушілермен теологтар мен дін өкілдері тығыз жұмыс жүргізеді. Мамандар олармен сұқбаттасып, һақ дін — Исламның қағидаттарын жіті түсіндіріп, ата-дәстүрді насихаттайды. Жұмақ іздеп адасқандарға тура жол нұсқайды.

Қазір жергілікті абақтыларда діни алауыздықты насихаттаған 30 азамат жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында солтүстік өңірлерден ауыстырылған сотталушылар да бар.

Айта кетейік, соңғы үш жылда Шымкентте 20 тұрғын діни алауыздық туғызғаны үшін сотты болған. Олардың тең жартысы жазасын өтеп шықты дейді құзырлылар. Бұл баппен істі болғандар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Мақпал Рысбаева