“Абақтыдағы 50 ән”: Мұрат Әбділда бостандыққа шығуды армандайды

123

Instagram желісінде атышулы жарияланымдарымен және әнімен танылған түркістандық блогер Мұрат Әбділда бостандыққа шығуды армандап жүр. Ол 2022 жылы әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, таптық араздықты қоздырды деп 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Қазір түркістандық тиктокер Шымкенттегі 167/3 колониясында жазасын өтеп жатыр. 

Осыдан тура бір жыл бұрын Мұрат Әбділда темір тордың ар жағындағы өмірі туралы айтып өткен еді. Ол қазір өз кінәсін түсінгенін, енді қайта құқық бұзушылық жасамайтынын айтады. Сонымен қатар, әлеуметтік желінің жұлдызды қолданушысы қарап жатпай шығармашылығын дамытқан. Мұнда махаббат туралы 50 ән жазғанын жеткізді.

Мұрат Әбділда, 167/3 ТМ-нің тұтқыны: «Осы мекемедегі мәдени іс-шараларға қатысып, өзімнің өнерімді көрсетіп тұрамын. Шығармашылығымда жаңалықтар бар. 50-ден аса ән жаздым. Өзімнің әнім мен сөзіме жазылған. Ешқандай плагиат емес. Алла қаласа, ертең шыққан соң аяулы көрермендерім тыңдайды деген ойдамын».

Бұл Мұрат Әбділданың үшінші соттылығы. Ол 2020 жылы 174 бап бойынша 3 жарым жылға шартты түрде сотты болған еді. Кейін интернет желісінде тағы да бір азаматқа тіл тигізгені анықталды. Жәбірленуші оның үстінен ұлтаралық, нәсілдік, таптық араздықты тудырды деп арыз жазған болатын. Сондықтан да оған 4 жарым жылға бас бостардығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мұрат Әбділда, 167/3 ТМ-нің тұтқыны: «Бостандыққа ештеңе жетпейді ғой. Қатемді түсіндім, енді боқтамауға тырысамын. Енді жазамның 3-тен 1 бөлігін күтіп отырмын. Алла қаласа шығарар деген ойдамын»

Белгілі блогер ешқашан мойымайтынын айтады. Қайта шыңдалып, бостандыққа шыққан соң инстаграмм парақшасын жүргізбек. Дайын әндерін жарыққа шығарып, жеке кешін өткізу де жоспарында бар. Әзірге темір тордың ар жағында ғана ән салып, қатарластарын қуантып жүр.