20 жыл абақтыда отырған әйел

369

Шымкентте жылына 10 әйел түрмеден мерзімінен бұрын босатылады. Осылай деген түзеу мекемесіндегілер соңғы жылдары тіпті қылмысын қайталап абақтыға түскендердің азайғанын айтады.

Солардың бірі бүгін бостандыққа шықты. Өмірінің 20 жылын темір тордың арғы жағында өткізген әйелдің жастарға айтары бар.


Жасы 50-ге жеткен бұл әйел Қостанайдың тумасы. 30 жасынан бастап есірткіге әуестенген ол ең алғаш рет 9 жылға сотталған. Нашаны сақтап, сатып және қолданғаны үшін Қарағанды қаласында жазасын өтеген. Бірақ, түрмеде өткізген бұл мерзім оған сабақ болмаған сыңайлы. Себебі ескі әдетті бостандыққа шыққан соң қайта бастаған.

«Қылмыс әлемімен бір байланысқан соң кету қиын болды. Сонымен қайта есірткіге әуестендім. Бостандықта жүрген жаңдарға бұл көлеңкелі іске жақындамауды сұраймын. Себебі бұған бір келген соң кету қиын. Байланып қаласың. Іздеп тұрасың».

Осылайша қостанайлық азаматша екінші рет тағы да темір торға тоғытылған. Бұл жолы Шымкент қаласындағы ИЧ 167/4 мекемесіне 12 жылға жазасын өтеуге жіберілген. Енді сегіз жыл өткен соң тәртібі түзелген деген себеппен бостандыққа шықпақ. Мұны естіген сотталушы таң қалғанын жасырмайды. Тіпті сенер-сенбесімді білмей отырмын дейді.

«Қандай сезімде отырғанымды айтып жеткізе алмаймын. Толқып отырмын. Бір жағынан сене алар емеспін. Түсім сияқты. Кеше тіпті дұрыс ұйықтай да алған жоқпын. Әлі де өң мен түстің арасында отырмын. Арман дей алмаймын, бірақ нақты мақсаттарым бар. Енді бұл қылмыс әлеміне жақындамай, өзгелер сияқты тыныш өмір сүргім келеді», – дейді ол.

Түзеу мекемесі бастығының сөзінше Шымкентте жылына 10 әйел мерзімінен бұрын босатылады. Бірі тәртібінің түзелгені үшін үйіне қайтса, енді бірі түрлі шараға қатысып, белсенділік танытқаны үшін кешірім алады екен.

Айнұр ӘДІЛБЕКОВА, ИЧ 167/4 мекеме бастығы: «Қазақстан бойынша қатаң түзеу колониясы болғандықтан мерзімдері үлкенірек. Сол себепті жылына 10 шақты сотталғандар босатылып жатыр. Олар өзінің қаншама жылда түзелу жолына түсуіне әрекет жасап, ешқандай жазалау шараларын көрмеуде».

Айта кетейік, қазір Шымкенттегі ИЧ167/4 мекмесінде 241 әйел жазасын өтеуде. Бірі ауыр қылмыспен сотталса, енді бірі бір қылмысты екінші рет қайталаған нәзік жандылар.

Назерке Үкібасова