Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүрген еріктілермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еріктілер тобы Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалады. Байланыс үшін арнайы кеудешелермен және радиостанциялармен қамтамасыз етілген.Жұртшылықты, оның ішінде еріктілер қозғалысын құқық тәртібін қорғауға, іздестіру іс-шараларына және полицияның учаскелік инспекторларына құқық бұзушылықтың алдын алуда көмек көрсетуге тарту жөніндегі бастама еліміздің барлық өңірлерінде енгізілді.
Еріктілер жоғалған балалар мен қарт адамдарды іздеуге, резонанстық қылмыстарды ашуға қатысады, түрлі оқиғалар кезінде көмектеседі. Бүгін, елде төтенше жағдай енгізілген кезеңде еріктілер рейдтік және алдын алу іс-шараларын жүргізуге жұмылдырылған.Олар учаскелік инспекторлармен және патрульдермен бірге карантинге байланысты енгізілген шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы полиция қызметкерлеріне еліміз бойынша 1200 ерікті көмек көрсетуде.
«Біз бұрын кездеспеген қауіпке тап болып отырмыз. ІІМ–нің барлық қызметтері мен бөліністері – бұл полицейлер, құтқарушылар мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған. Бұл күндері азаматтарымыздың тарапынан көрсетілетін көмектің маңызы ерекше. Мен отаншылдық пен азаматтық борышына адалдығын ісімен танытып, полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысып жүрген адамдардың барлығына алғысымды білдіремін. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз осы күрделі кезеңді еңсере аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еріктілер жылы жариялаған ағымдағы жылда еріктілер қатары тек өсе түсетініне сенімдімін»,-деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.Еріктілер қозғалысы ресурстары осындай алдын алу іс-шараларын өткізуде өз тиімділігін көрсетті. Учаскелік инспекторлармен бірлесіп, еріктілер азаматтарға карантин кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдай талаптары туралы ескертуде.
Жалпы ел бойынша бірлескен рейд барысында ТЖ режимі 322 бұзылғаны анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, онда ескерту немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.