Суррогат анаға сұраныс

922

Суррогат ана. Бұрын аз, қазір жиі еститін сөз. Дұрыс-бұрысына дау айтпаймыз. Әйткенмен, жақын танысың суррогат ана болғанын естігенде әдетте елемей жүрген сөзіңіздің астарына үңіледі екенсіз. Менде тап солай болды.

ЖАТЫРЫМДЫ «ЖАЛҒА» БЕРДІМ

Құрбым екеуміз 11 жыл бірге оқыдық. Мектептен кейін мен ерте тұрмысқа шығып, өз алдыма отбасы болып кеттім. Ол да отбасын құрды. Телефонмен сөйлескеніміз болмаса, кездесудің сәті түсе бермеді.
Күйбең тіршіліктің қарбаласымен жүргенде 15 жыл өте шығыпты. Бірде кездейсоқ дүкенде кездесіп қалдық.
Күйеуі, бес баласы, бәрі бірге жүр екен. Жүкті екені бірден көрініп тұр.
Телефонда жоқшылықтан әбден шаршағанын айтатын құрбымның жағдайы жақсарыпты. Тағы да сәбилі болатынына қатты қуандым.
«Алтын алқа» алмай тоқтамаймын» дер жүрсіңдер ме?», деген әзіл аралас сұрағыма жауабы мүлдем тосын шықты.
Ол іштегі баласының өзінікі емес екенін айтты. Суррогат ана боп жүр екен. Бұл қадамға кедейліктен құтылу үшін барған. Осылайша, өз перзентінің қамын ойлаған құрбым сәби сүйе алмай жүрген шетелдік жұпқа суррогат ана болуды ұйғарыпты.

СУРРОГАТ АНАҒА СҰРАНЫС КӨП

Ойланып қарасам, осыдан оншақты жыл бұрын суррогат туралы ілуде бір еститін едік. Қазір суррогат ана болатын да, суррогат ана іздеген де хабарландыру өте көп.
Дәрігер репродуктолог, гинеколог-эндокринолог Диана Дүйсебаеваның айтуынша, елімізде бұл мәселенің мән-жайы заңмен реттелген.

–Еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында суррогат ана деп – генетикалық жағынан өзінің баласы болып табылмайтын, басқа бір әйелдің жұмыртқасы мен ер азаматтың шауқатынан пайда болған эмбрионды жасанды жолмен бойға бітіру әдісіне келiсiмiн берген әйелді айтады. Жатырын 9 айға жалға беретін әйел мен балалы болуды қалайтын адамдар арасында келiсiмшарт жасалады. Аталмыш шарт азаматтық заң талаптарын сақтай отырып, жазбаша түрде жасалады және де міндетті түрде нотариалды куәландырылуға жатады. Бізде суррогат ананың қызметіне жүгінетіндер үшін барлық жағдай қарастырылған. Олай дейтінім, екі жақтық шартқа сәйкес, баланы асырап-өсіру құқығы «тапсырыс» беруші, яғни сәбидің биологиялық ата-анасында болады. Себебі, бала 100 пайыз өзінің биологиялық ата-анасына тиесілі. Қаны да, жаны да солардыкі. Ал суррогат ананың сәбиге ешқандай қатысы да, құқы да болмайды. Сондықтан да оның мойнына ешқандай жауапкершілік міндеттелмейді. Мұның барлығы екі жақты келісімшартта жазылады. Ал келісімшарт бұзылған жағдайда оны сақтамаған тарап заң алдында жауап береді,- деді Диана Дүйсебаева.
Бір қызығы, көрші Ресейде бәрі керісінше екен. Онда суррогат ана баланы биологиялық әке-шешесіне беруден бас тартуына болады екен.

Кімдерге рұқсат етілген?

Гинеколог-эндокринолог Диана Дүйсебаеваның сөзінше, құрсақ ананың қызметіне кез-келген жан жүгіне алмайды. Оған тек жасанды ұрықтандыру әдісі көмектеспейтін жұптар жүгінеді. Олардың қатарына:
1. Жатырын алдыртып тастағандар;
2. Туа бітті жатыры жоқтар;
3. Босануға тыйым салынғандар;
4. Жатыры жарамайтындар.

Айтпақшы, жатырын «жалға беретін» құрсақ аналарға да қойылатын талаптар бар.
1)18-34 жас аралығында болуы керек;
2) Дене бітімі келісті болғаны жөн;
3) Кемінде дені сау 1 баласы болғаны абзал;
4) Баласын табиғи жолмен босанған болуы керек;
5) Зиянды әдеттерден аулақ;
6) Сотталмаған болуы шарт.
7) Некеде болса, нотариалды расталған күйеуінің рұқсаты қажет;

Қажет құжаттар тапсырған соң жатырын жалға беретін әйел «суррогат ана» бағдарламасымен жұмыс істейтін клиника есебінен тексеруден өтеді. Егер денсаулығында қандай да бір ауру анықталса есепке алынбайды екен.

АЛ СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Қаракөз Момбекова; психолог:
–Суррогат ана – ауыр тақырып. Себебі мұнда барлық мәселе, қай жағынан алып қарасақ та психологияға келіп тіреледі. Мәселен, дәрігерлер медициналық тексерістер мен процедураларды жасау оңай дейді. Суррогат ана жатырындағы біреудің баласын жақсы көрмейді. Мейірім болмайды тек «ақшаның көзі» деп қарайды дегенімен ол олай емес. Бұл биологиялық ата-анаға да, суррогат анаға да психологиялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Мұны психологиялық «драма» деп атар едім. Жалпы психология – жан туралы ғылым. Бұл жерде бір емес, процесте қатысушының әр қайсысы осы психологиялық драманы басынан кешіреді. Драманың басты кейіпкерлері – екі жұп. Яғни, перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптылар. Міне, осы ащы шындық олар үшін психологиялық травма, яғни психодраманың басы. Оған көндігу, оған мойынсұну оңай емес. Олардың барлық жаны, тұла бойындағы «клеткасы» жаралы болады. Сол жаралы жанмен жұмыс істеу керек. Яғни, бірінші кезекте психологиялық жарақаттан шығарып оны емдеу керек. Мәселені, бетін жауып қоюға болмайды. Бетін жауып қойса, асты шіриді. Кейін баланы алған кезде сол жарақаты ашылып, оның үстіне тағы жарақат түсіп дерті екі еселенеді. Одан бөлек ерлі-зайыптылар ұялатын, жағымсыз медициналық процедуралардан өтеді. Соған да дайындау керек. Ұрық дұрыс даму үшін «құрсақ ана» да толығымен психологялық тұрғыдан дайын болуы керек.

Сая Қасымбек, драматург:
–«Суррогатты ана» деген аспаннан түсе салған жаңалық емес. Оны дәстүр деуге де, салт деуге де болмас. Бірақ, ол ерте заманнан келе жатқан, адами қарым-қатынаста қалыптасқан «табиғи» құбылыс. Ертерекке көз салсақ, денсаулығы жарамайтын, табиғи жолмен бала сүйе алмайтын немесе Алланың сынағына ұшыраған кейбір әйелдер ер азаматым ұрпақсыз қалмасын деп жақсы жердің қыздарын тоқалдыққа алғызған. Содан перзент сүйдірген. Міне, суррогат ананың түп негізі осыдан шыққан. Жалпы, жатырын «жалға» беретін әйелдерге көзқарасым оң. Себебі, оның баланы жатырында көтеріп жүруге, тууға мүмкіндігі бар. Ал екінші әйелдің мүмкіндігі жоқ. Онда неге көмектеспеске? Осылайша ол бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптылардың арасын жалғайды, отбасын шаттыққа, сәби үніне бөлейді. Үміті үзілген отбасының шырағын жағады. Өкініштісі мұны бизнеске айналдырып жатқандар бар. Бұл дұрыс емес. Біреудің қайғысын пайда табу көзіне айналдыру адами қасиетке жатпайды. Түсінемін, «құрсақ ананың» да өз отбасы бар. Жүктілік кезінде, босанғанда оның ағзасы шаршайды, әлсірейді. Дегенмен бұл баланың биологиялық ата-анасын қанауға болады деген сөз емес. Перзенттері үшін олардың да аянып қалмайтыны жасарын емес.

Жәмила Аширова, ақ жаулықты әже:

– Ана – қасиетті ұғым. Және бұл қасиетті ұғымға селкеу түсіруге болмайды. Ал суррогат аналар солай істеп жүр. Ұрық өзгеніңкі болғанымен, шарана 9 ай бойы суррагат ананың құрсағында өсіп-өрбиді. Соның кіндігімен жалғасып дем алады, нәр алады. Екеуінің жүрек қағысы бір. Құрсақтағы бала «құрсақ ананың» ашуланғанын да, қуанғанын да сезеді. 9 айдан соң әйел жаны қиналып нәрестені босанады. Табиғи заңдылық бойынша босанған ананың омырауынан сүт шығады. Бала сол уызды емуі керек. Әйтпесе аурушаң, әлжуаз болып өседі. Қазақтар: «уызына жарымаған бала» деп бекер айтпаса керек-ті. Қазір материалдық жағдайды күйттеген әйелдер аналық мейірімді, аналық махаббатты, ана мен перзент арасындағы қарым-қатынасты да сауда-саттыққа айналдырды. Барлық нәрсеге жеңілтек қарайтын болды. Мұндай қадамға барған әйелдерді «ана» деп айтуға ауызым да бармайды.

Әйгерім Аппасова, қала тұрғыны:
– Жалпы, әлі тұрмыс құрып, перзент сүймегендіктен бұл тақырыпта ой қозғау қиын, маған. Дегенмен, нәзікжанды ретінде құрсақты ақыға «жалға» беруге қарсымын. Себебі, жатыр пайда табудың көзі емес. Бұл – жаңа өмірдің бастауы, нәрестенің аман-есен өмірге келуін қамтамасыз ететін қолайлы орта. Өкінішке қарай қазір қыз-келіншектер оны да кәдеге асырып, ақша табуда. Әрекеттеріне түрлі сылтау айтады. Ең дұрысы – мұндай қадамға мүлдем бармау! Десек те таяқтың екінші ұшы да бар. Ол – екінші жақ. Баласыз жұп. Оларға да обал. Дегенмен, Жаратқанның дегеніне қарсы шығып, бермеген баланы қолдан жасап алу дұрыс емес!

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №9, 26 ақпан 2020ж