Отбасылардың 30 пайызы белсіздікпен күресіп жүр

218

Шымкенттегі 30 пайыз отбасы белсіздік диагнозымен күресіп жүр. Бұл туралы қаладағы ЭКҰ орталықтың дәрігері мәлімдеді. Өкініштісі, олардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Осылай деп дабыл қаққан ақ халаттылар квотаға қол жеткізе алмай жүргендердің де аз еместігін айтады.

Әдемі Күмісбектің келін атанғанына биыл 5 жыл. Содан бері бала иісін аңсаған ол жүкті болу үшін бірталай ем қабылдаған. Бірақ, нәтиже болмай, соңында ЭКҰ-ға жүгінуді жөн көріпті. Сөзінше, желтоқсанда өтініш беріп, қаңтарда квота бөлінген. Енді міне егіздердің анасы болатынын біліп мәре-сәре.

Әдемі Күмісбек, қала тұрғыны: «Мен 5 жыл бойы бармаған жерім жоқ. Ташкентке де бардым. Массажға да бардым. Тіпті, жер ауыстырып, Астанаға да көштім. Жас отбасыларға айтарым бірден осы жерге келген дұрыс. Ақшаларын шығындамай».

Дәрігерлер сөзінше, белсіздікпен күресіп жүрген жас отбасылар саны жылдан жылға артып барады. Мұның себебін мамандар дұрыс тамақтанбау, көп қозғалмау, экология және қажет емес дәрілерді көп ішуден көреді. Кесірінен жаңадан құрылған жанұя медицина көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Мира Нұрашова, дәрігер: «Бізде 30 пайыз отбасылар белсіздік диагнозымен емделуде. Бізде 1 млн-нан асатын адам тұрады деп санасақ, клиникада 1 жылда көп экопрограмма өтіп жатыр. Биыл бізге 50 квота берілді. Келесі жылы президент тапсырмасы бойынша көбейеді деп жатырмыз».

Еске сала кетейік, апта басында жолдау жасаған ел президенті бала сүймеу себебінен Қазақстанда көп отбасының ажырасып жатқанын айтқан еді. Осыған байланысты ЭКҰ-ға бөлінетін квотаны 7 есеге көбейтуді тапсырды. Ал, дін өкілдері болса, жасанды жолмен балалы болудың шариғатқа қайшы тұстары көп дейді.

Ал, дәрігерлер болса, бала көтере алмай жүрген әйелдердің ЭКҰ-ға уақыт өткізбей келуіне кеңес береді. Себебі, жасы ұлғайған сайын жасанды жолмен балалы болудың да мүмкіндігі азая береді екен.

Назерке Үкібасова