Түркістандық кәсіпкер коронавирусқа қарсы күреске 10 млн. теңге бөлді

251

 

Бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатып отырған коронавирус дерті, өкінішке қарай, Қазақстанға да жетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялап, індетке қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді.

Мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы қысылтаяң шақта еліміздің патриот азаматтары жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде.

Солардың бірі – Сырым Ертаев. Белгілі кәсіпкер, «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Елбасы Үндеуін қолдап, «Біз біргеміз!» акциясы аясында өз қаражаты есебінен арнайы қорға 10 миллион теңге аударды. «Nur Otan» партиясының мүшесі, отаншыл азамат бұған дейін де бірнеше отбасыға үй салып беріп, қайырымдылығымен танылған болатын.

«Тұтас Қазақстан ауыр індетке қарсы күресіп жатқан сәтте елге көмектесуді азаматтық, перзенттік парызым деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Үндеуінде кәсіпкерлерге маңызды ой тастады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз» деді. Ендеше әр азамат төтенше жағдайдағы ережні сақтап, ресми өкілдер мен дәрігерлердің ескертпелерін орындағаны жөн. Біз бірігіп, бұл қиындықты де жеңіп шығамыз», – дейді Сырым Ертаев.