Шымкентте жарылыс болған жанармай бекетінің директоры мен инженеріне қатысты үкім шықты.
Сот оларды қауіпті-өндірістік мекемелерде қызмет атқару құқығынан 2 және 3 жыл мерзімге айырып, бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Үкім шығарарда судья жанармай бекеті басшысының өз кінәсін мойындамағанын, бекетте техникалық талаптар сақталмағаны және ондағы қызметкерлердің арнайы киіммен жүруін қадағаламағаны секілді өрескел қателіктерге жол бергенін де атап өтті.
Ермахан Рахманберді, Қаратау аудандық сотының төрағасы: «М.Өтегенов ҚР ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Ол 3 жыл мерзімінде қауіпті-өндірістік мекемелерде лауазымды қызметпен айналысу құқығынан айырыла отыра, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Ж.Қалаубаев ҚР ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімінде қауіпті-өндірістік мекемелерде қызметпен айналысу құқығынан айырыла отыра, 2 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Өтегенов пен Қалаубаевқа тағайындалған жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін».
Еске салайық, 2019 жылдың 7-маусымында «Мұраз» газ сақтау қоймасында тұрған сыйымдылығы 7 және 50 текшеметрлік көлеміндегі цистерналар бірінен соң бірі жарылып, кәсіпорынның 20 жастағы жұмысшысы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген еді. Денесінің 98 пайызын күйік шалған ол ауруханада көз жұмған болатын.
Мөлдір Бекеева