Биыл ел тарихында болмаған жол құрылысы қолға алынады. Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деді. Үкіметтің бүгінгі жиынында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы талқыланды. Үкімет басшысы жауаптыларға инфрақұрылымды жақсартуда нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл республикалық маңызы бар жолдарды пайдалануға беру көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын күн тәртібіне қойған үкімет мүшелері нысандардың өндірістік кестеден кешікпеуін қадағалауы тиіс. Осылайша жыл жыл соңына дейін 2,6 мың шақырым жол пайдалануға берілмек.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жолдар салу бойынша жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен уақытында орындау. Жол құрылысындағылар 4 мың шақырым жол құрылысымен және қайта жаңартумен айналысады. 2,6 мың жол пайдалануға беріледі».
Үкімет отырысында биыл іске қосылатын ақылы жолдардың жайы да жан-жақты талқыланды. Елімізде жыл соңына дейін 11 мың шақырым жол ақылы жүйеге ауысады.
Тиісінше бұл жолдарды жөндеуге кететін бюджет қаржысын өзге де маңызды жобаларға бағытталады. Бұл жұмыстар «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының екінші кезеңінде іске асырылатын болады.
Айта кетейік, биыл Түркістанда жаңа халықаралық әуежай, ал Шымкент әуежайында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылады. Алдағы бес жылда ел аумағында 13 аэродром салу жоспарда бар. Қазіргі таңда еліміздегі 3 қалада: Үшарал, Үржар, Зайсанда аэродром жұмыс істеп тұр.
Мақпал Рысбаева