Шымкент: Банктердің қызметі электронды төлем жүйесі арқылы жүргізіледі

347
Sputnik

 

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтты.

Сондай-ақ брифингте «Халық банкі» АҚ Шымкент өңірлік филиалы директорының орынбасары Айжан Досымбекова, «Банк Хоум Кредит» Шымкент қаласы филиалының директоры Ахатай Тілеукеев төтенше жағдай кезіндегі банк қызметтері мен банкоматтардың жұмысы туралы баяндады.

– Қазіргі таңда қала аумағындағы банк бөлімшелерінде және банкоматтардың алдында тұрғындар зейнетақы, жәрдемақы, жалақы алу үшін көптеп шоғырлануда. Ол жерлерде ұзын-сонар кезек орын алады. Бұл коронавирус індеті жайлаған кезде аса қауіпті. Сондықтан қаладағы банк басшыларымен келісім нәтижесінде барлық төлемдер онлайн немесе мобильді қосымшамен, яғни электронды төлем жүйесі арқылы жүзеге аспақ. Барша тұрғындарды осымен жұмыс істеуге шақырамыз. Бұл тұрғындарыың қауіпсіздігі үшін қажет. Осы бағытта алдағы дүйсенбіден бастап екінші деңгейлі банктердің жұмысы жанданатын болады, — деді қала әкімінің орынбасары.

Қиын-қыстау кезеңде банк бөлімшелері жұмыстарын ширатып, сақтық шараларын күшейткен. Мәселен, Kaspi Bank Шымкент қаласында арнайы 4 картомат орнатқан. Онда алдын ала өтінім беріп, сол арқылы банк карточкасын алуға болады. Сондай-ақ «ҚазПошта» АҚ жасы 65-тен асқандар мен мүгедек азаматтарға зейнетақысын үйіне жеткізіп беру қызметін ұсынады.

Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, қалада банк қызметкерлері де күшейтілген түрде жұмыс атқаруда. Қауіпті індеттің дендеп тұрған кезінде барынша сақ болу керектігіне мән беруде. Бөлімшеде кезек күткен тұтынушылар арасында 1 метр қашықтық орын алуы тиіс. Ал, көшелерде орналасқан банкоматтарға әкімшілік тарапынан 100 ерікті жұмылдырылған. Олар тұрғындарды талапқа сай кезекке тұрғызып, құрылғыдан ақшаларын алуға көмектеседі. Ал әр банкоматта 1 полицей көпшілікке түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тәртіпті қадағалайды.