Алаяқтар алған несиенің ақшасын банктер өзі төлеуі мүмкін

21

Енді алаяқтық жолмен алынған несиелерді банктер төлеуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері айтты. 

Алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктер өтеуі мүмкін. Бұл ұсынысты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі білдірген. Сала басшының сөзінше, Ұлттық банк базасында арнайы орталық құрылмақ. Қаржы ұйымдары күмәнді операцияны байқаған сәтте тексеру жүргізбек.

Александр Терентьев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директоры: «Күмәнді транзакциялар туралы барлық ақпарат Ұлттық банкте құрылатын алаяқтыққа қарсы орталықта жиналады. Және ұялы байланыс операторларына да жалған номерлермен күресті күшейту үшін талапты қатайту жоспарда бар. Біз мәжіліске алаяқтар қолды қылған ақшаны өтеу бойынша түзетулерді ұсынып қойдық. Осыған байланысты жұмыс жүріп жатыр»

Өткен жылы елімізде 15 мыңнан астам алаяқтық факті тіркелген. Оның 6 мыңы несиеге қатысты. Департамент басшысының сөзінше, көбіне зейнеткерлер алаяқтықтың құрбаны болады екен.

Александр Терентьев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директоры: «Алаяқтыққа нөлдік төзімділік біздің бірлескен жұмысымыз болуға тиіс. Біз әрқайсымыз өз отбасымызда бұл тақырып төңірегінде айтып отыруымыз қажет. Ақпараттық технологиялардан хабары аз аға буын өкілдеріне осындай жағдайлардың орын алуы мүмкін екенін ескертуіміз керек»

Брифиннг барысында несиені өтеу кезінде қиындыққа тап болған қарыз алушылар туралы да айтылды. Мамандар мұндай жағдайда міндетті түрде банкке немесе МҚҰ-ға хабарласып, өтініш жазу қажет дейді.

Мұхамед Бағдатұлы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы: «Не себепті несиені төлей алмай жүрсіз? Адамдар көбіне бұл сұрақтан қашады. Банк қызметкерлері хабарласқанда, бәрін ашық айту керек. Жұмыссыз қалса, жұмыстан босатылғаны туралы бұйрығын алу керек. Дәрігерге көрінсе, барлық анықтамаларды жинап жүру керек. Ешқашан банктерден қашпау керек»

Яғни, қарыз алушы мерзімі өткен берешегі жайында барынша ерте шара қабылдау керек. Сол кезде несиені өтеудің қолайлы жолы тезірек табылады дейді жауаптылар.