Шымкенттік дәрігерлер мерзімінен бұрын туылған үшемді аман алып қалды

157

Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туылған үшемді аман алып қалды. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей туыла сала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болған.

Биылғы жылдың үшінші үшемі 16– наурыз күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Дәл осы күні шақалақтардың анасы 34 жастағы Арайлым Сембиеваға шұғыл түрде ота жасалған. Айы — күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған (1350 грамм, 1790 грамм, 1910 грамм).

Мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтардың жағдайы алғашқыда ауыр еді дейді дәрігерлер. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, екі аптаға жуық Мирадил Миркурбанов жетекшілік ететін арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болған.

Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарған.

Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтар аман қалып, аналары балаларын бауырына басты. Төртінші рет ана атанған 34 жастағы Арайлым Сембиеваның жақындары сәбилерді Медина, Алина және Ясина деп атаған. Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ дейді мамандар. Бұйыртса, үшемдер мен анасы 7-сәуір күні перзентханадан шығарылмақ.