Шымкенттіктер карантиннің тезірек аяқталуын тілейді

193

Тіршілігі қайнаған Шымкентте карантин басталғалы адамдар қарасы азайды. Түс ауа қала орталығында жай жүрген жандарды табу қиын. Бірақ, бұл шаһар тұрғындарының бәрі бірдей талапқа бағынып кетті деген сөз емес. Ел арасында үйіне сыймай, себепсіз көше кезіп жүргендері де жетерлік. Бұл сөздерді қаланың полицейлері растап отыр.


Шымкенттегі ойын балалары мен аналарын қалада енгізілген карантин аса қатты толғандырмайтындай. Себебі бекітілген шектеулерге қарамай далада асыр салып жүрген кішкентайды әр үйдің маңынан кездестіре аласыз. Ешбір қорғаныс құралынсыз жүрген олардың жанында үйдің үлкендері де бар.

Тұрғындардың бұл салғырттығына полицейлер де ашынады. Елді үйіне қайтарам деп қажыған олар көбінесе үлкендердің балаларымен бірге қыдыратынын айтады.

«Балаларды үйде отырғызу оңай емес. Олар да жалықты. Мен өзім карантинді сақтап үйден шықпаймын. Тек азық-түлік алуға дүкенге барамын. Телевизор көруге мәжбүрміз. Бірақ, шектеуден де қажыдық. Барлығы тезірек аяқталса ғой. Қамалып отырған оңай емес екен. Бірінші мамырға дейін төтенше жағдай аяқталса деп тілейміз енді» , дейді қала тұрғындарының бірі.

Міне қалада түс ауды. Бұл уақытта тұрғындардың бірі есік алдындағы орындыққа жайғасса, енді бірі жолға шыққан. Олардың үйден шығу себебі де сан түрлі.

Дегенмен, карантин басталғалы қала көшелерінде бұрынғыдай қайнаған тіршілік тиылған. Тек көпқабатты үй маңдары болмаса, орталықта себепсіз жүрген жандар аз дейді полицейлер.

   Назерке Үкібасова