Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай 2020 жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша брифинг өткізді.

Баспасөз жиынында ағымдағы жылдың 3 айында Департаменттің Тергеу басқарамасының өндірісінде 172 қылмыстық іс болғандығы, оның ішінде 94-і Агенттіктің Түркістан облыстық департаментімен тіркелгендігі атап өтілді.
Брифинг барысында өндірісте болған істердің 85-і өндіріспен, ал 35 ісі сотқа жолданып, оның ішінде 5 іс айыптау актісімен, 4 іс жеделдетілген өндіріспен және 26 іс процессуалдық негізде сотқа жолданғаны мәлім болды.

Сондай-ақ, ҚР ҚПК-нің 200 бабына сәйкес,  жыл басынан бері заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде Агенттіктің Түркістан облыстық Департаментімен жолданған 35 ұсыныстың 18-і қаралып, нәтижесінде 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны БАҚ назарына ұсынылды.

Баспасөз конференциясында Мирас Асқарбайұлы өндірістегі қылмыстық істер бойынша анықталған 508,7 млн. теңге залалдың 502,9  млн. теңгесі (98,9%) мемлекет пайдасына шешілгенін және заң талаптарына сәйкес, Департамент тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарын әшкерелеуге жәрдемдескен 2 тұлғаға жалпы сомасы 362 мың теңге көлемінде  ақшалай сыйақы берілгенін жеткізді.