Мерзімі өткен тұтынушылық несиелерге сыйақы есептеуге тыйым салынуы мүмкін

9

Қазақстанда мерзімі өткен тұтынушылық несиелерге сыйақы есептеуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Айтуынша, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулерді пысықтап жатыр.

«Заңнамалық деңгейде тұтынушылық кредиттер бойынша азаматтардың борыштық жүктемесін шектеу қарастырылады. Мысалы, азаматтардың мерзімі өткен кредиттеріне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық берешегі бар қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салу ұсынылады», – деді Жамаубаев парламенттік тыңдауда.
Проблемалық кредиттері бар қазақстандықтарға қарызды реструктуризациялауға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, кепілсіз онлайн-кредиттеу сегментінде тәуекелдерді азайту көзделіп отыр.
Министрдің айтуынша, заңнамалық түзетулер халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге; алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және банк омбудсманының қызметін күшейтуге бағытталған.
«Азаматтар өз мәселелерін банкроттыққа жүгінбей шеше алатындай етіп, сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсман маңызды рөл атқаруға тиіс», – деді вице-премьер.