Түркістан облысында жалпы 909 мектепте 488 182 оқушы білім алады. Төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап оқушылар онлайн әрі қашықтан оқытылатын болады.
Онлайн оқыту дегеніміз – ғаламтормен тікелей байланыста болып, месенджерлер не платформалар арқылы сабақ беру. Ал қашықтан оқыту – телесабақтар, радио, бейнесабақтар арқылы дәріс жүргізу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев мәлімдеді.
Басқарманың алдын ала зерттеуі бойынша облыстағы 420 460 мектеп оқушысы қашықтан «Балапан», «Еларна» және облыстық телеарналар арқылы және «Қазақ радиосы» арқылы бейне, аудио сабақтар өтеді. Оған арнайы кестемен сағат бөлініп отыр. Бұлар 6-сәуірден бастап көрсетілетін болады. Сонымен қатар, 1365 оқушы «Қазпошта» арқылы, 57 421 оқушы «Bilimland», «Daryn online» білім беру платформалары мен Zoom бенеконференц байланысы және мессенджерлер арқылы оқытылатын болады. Барлық жағдайда мұғалімдер Kundelik.kz арқылы оқушыларды бағалап отырады.
«Мектеп оқушыларын министрліктің ұсынып отырған 4 бағыты бойынша оқыту жоспарланып отыр: 1) «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы бейне-сабақтар жүргізілетін болады; 2)«Қазақ Радиосы» және «Радио Классик» әуе толқындары арқылы аудио-сабақтар (таулы, шалғайдағы аймақ балдары үшін); 3)Мүлдем байланысы жоқ жерлерге «ҚазПошта» арқылы тапсырмалары беріліп, кері байланыс та осы жүйеде жасалады; 4)Білім саласына бағытталған бірнеше платформа арқылы оқытылады», — деді Рахымбек Қуатбекұлы.