Шымкентте 9 азамат коронавириус дертінен айықты. Қатерлі індеттен сауыққандар бүгін үйлеріне шығарылады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Айгул Бекбауова мәлімдеді. Қаладағы эпидемиялық жағдайды баяндаған ақ халаттылар тағы 3 ошақтың карантиннен босатылғанын жеткізді.

Қауіпті індеттен айыққан 9 науқастың — 2-eуі бала, қалғаны ересек екен. Абырой болғанда коронавирус дертіне шалдыққан пациенттердің тиісті ем-дом шараларынан кейінгі зертханалық сараптамалары теріс нәтиже көрсеткен. Беті бері қараған тұрғындар ауруханадан шығарылды.

Айгул Бекбауова, Шымкент қалалсының денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары: «Олардың біреуі 1 жасқа дейінгі бала, 7-еуі ересек. Ауруханадан шығарылған пациенттердің зертханалық зерттеулері теріс нәтиже көрсетіп, денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты бүгін ауруханадан шығарылды. Барлығы да бір отбасының мүшелері».

Тілшілерге қаладағы эпидемиялық ахуалды баяндаған ақ халаттылар COVID-19 дертіне шалдыққан науқастарды емдеуге жұмылдырылған 4 медицина қызметкерінен қауіпті індет табылған дейді. Өмірлерін қатерге тіккен олар ең қауіпті аумақта, яғни, жан-сақтау бөлімінде науқастарға медициналық көмек көрсетіпті.

Айгул Бекбауова, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары: «Тестілеу кезінде жұқпалы аурулар ауруханасының реанимациялық бөлімінің 3 қызметкері анықталды. 32 және 45 жастағы 2 медбике және 22 жастағы 1 санитар. Бұл медицина қызметкерлерінің ешқандай ауру белгілері жоқ, олардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, шағым білдірмейді».

Медицина қызметкерлері арасында коронавирустық инфекция жағдайлары анықталған сәттен-ақ жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері арнайы қонақ үйге оқшауланған. Айта кетейік, бүгіннен бастап қаладағы 3 ошақтан карантин алынатын болды. Енді Тайманов, Төреқұлов, Мақталы көшелері төтенше жағдай шектеулерінен босатылып отыр.

Мақпал Рысбаева