Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын, жас қыз арызданады. Оның айтуынша, өзіне жақын таныс емес азамат, алаяқтық жолмен алдап, сеніміне кіріп, торға түсірген. Яғни, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион ақша шығарып беремін деген алаяққа 100 000 теңге сін беріп, алданып қалған.

Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болған келесі тұрғын арызданады. Қайтарымсыз 750 000 теңге шығарып беремін деген алаяққа 80 000 теңгесін беріп, аталмыш алаяқтан алданғанын айтып, шағым түсіреді. Осы жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық «бойынша тіркелді.

Сарыағаш ауданының полицейлері тұрғындарды алдап, ақшаларын алып кеткен алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Жәбірленушілерден жауап алу барысында, күдіктінің жеке-басын анықтады, мұқият тексеру жұмыстары жасалды. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні Сарыағаш ауданындағы өз үйінен ұстады.

Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғындардың сеніміне кіру арқылы, осындай істермен айналысып, қайтарымсыз көмек алып беремін деп, алдап келген. Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленушілер аталмыш азаматтың атына арыз беруде. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 2,5 миллион теңгеге жуықтаған. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Күдікті қамауда.

Қазіргі таңда жоғарыда аталған қылмыстардың барлығын бір адам жасағандықтан, қылмыстық істер біріктіріліп, «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға кез-келген адамға сенім білдіртпей, қашанда сақтық шараларын қамтамасыз етіңіздер деп ескертеді. ӨЗіңізге таныс емес белгісіз азаматтарға ақшаларыңызды бермеңіздер, өзіңізге ғана қатысты банкомат карточкаларыңыздың құпия сөздерін айтпаңыздар деп кеңес береді.