Атамның аманаты

330

Биыл еліміздің аса маңызды мерекесі саналатын Ұлы Жеңіске 75 жыл. Бұл күн―неміс фашистерін ортақ Отанымыз саналған Кеңес Одағынан ығыстырған күн. Бұл күн ― әрбір қазақстандықтың бойын мақтаныш сезімі билейтін тарихи күн. Бұл күн ― ата-баба рухына тағзым етіп, аталарымыз аманаттап кеткен ел мен жерге деген ыстық ықыласты оятар күн.

Бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қасық қаны қалғанша, кеудеден жаны шыққанша соғыс даласында жан аямай күрескен қаншама ер-азаматтарымыздың ерлігі дастан болып жазылып жатыр. Әлі де жазыла береді.Сұрапыл жылдардағы сол сәттер бұл күнде саусақпен санарлықтай аға буынның әлі күнге есінде. Осы мерекені елдегі жағдайға байланысты тиісті дәрежеде тойлай алмасақ та, олар туралы естеліктер жазу әрбірімізге парыз. Олардың басына түскен осынау нәубетті сезініп, рухына тағзым жасауға міндетпіз.

Менің арғы атам Нұрмаханбетов Нәжен Отан қорғау үшін соғысқа кетіп, майдан даласынан оралмаған батыр азамат. Алғашқы уақытта хат жазып тұрған атамыз өзінің жарақат алғанын, солдаттардың ерлік істерін, соғысты жеңіп елге аман оралатындығын айтып, көңілдегі үміт отын сөндірмеді. Алайда, атамыз Нұрмаханбетов Нәженнің іс-түссіз жоғалуына байланысты қаралы хат келіп, жылдар бойы ешқандай хабар болмаған. Осы уақыт аралығында ол кісінің қайда болғанынан, қайда жерленгенінен бейхабар болдық.

Сұм соғыс салған ауыр жарадан есеңгіреген отбасымыз оны үздіксіз іздеп, тәуелсіздік жылдары тапты. Мұрағат материалдарына сәйкес, 1900-шы жылы дүниеге келген Нәжен тамыз 1941-ші жылы әскерге аттанған. Соғыста атқыш сарбаз лауазымында болыпты. Ал 1943-ші жылы із-түссіз жоғалғандар тізімін толықтырған.

Бүгінде атамыздың есімі Шымкент қаласындағы Даңқ мемориалында жазулы тұр. Қан майданда қаза тапқан атамызды жыл сайын сағынышпен еске аламыз. Атам соғыстан оралмағандықтан, оның аузынан басқа балалардай соғыс туралы керемет естеліктерді ести алмадық. Бірақ оның ерлік жолында қаза тапқанын ойласам, бойымды мақтаныш сезімі билейді. Әкемнің қайраткерлігі мен ұстамдылығын көріп, атамның да ғажап адам болғанын сеземін. Олардың өмір сүру принцптері, ұстанымдары, мінездері, адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы мені азамат етіп өсіруге көп ықпал етті.

Ғылымда «Тарихи тізбек» деген ұғым бар. Егер біз сол тарихи тізбекке жалғана алмасақ, онда болашағымыз бұлыңғыр болмақ. Яғни аталарымыздың ерлік істері біздерге кім екенімізді нұсқап, рухты, қайсар болуға итермелейді. Ол жол бізді дербес болуға, азат ойлауға үйретеді.

Атамдың көзін көрген үлкендер оның көрегенділігін, жақсылығын, еңбекқорлығын көп айтады. Апамыз Оспанханова Қымбат майданға кеткен ерінен бір сәтте үміт үзбей: «Аталарың ұрпақ амандығы жолында жау оғынан ажал тапты. Ұрпақтарым аталарына тағзым жасап, еске алып отырса екен» деуші еді.

Нәжен атамыздан атұстар Исаберген, Мырзалы және Әуезхан есімді үш ұл тараған. Ол кісілердің айтуынша, әжеміз көп қиындық көрген. Бірақ ешнәрсеге мойымай, жақсылықтан күдер үзбепті. Ер азаматының есімі аталғанда көзіне еріксіз жас алып, әр таңды үмітпен атырған көрінеді. Отан үшін өмірін қара жерге қызмет етуге арнаған әжеміздің де ғұмыры бір кітапқа арқау болады. Жиі күрсінумен өмірден өткен әжеміз «Балаларымыз қиындық көрмей өссе…» деп армандайды екен. Осы бір асқақ арман дәні бойымыздағы Отанға деген махаббат алауын лаулатуға себеп болса керек.

Сөзімнің дәлелі болсын Нұрмаханбетовтер әулетінің мақтаныштарына айналған әкем — Керімжан, ағаларым — Талғат, Нұрболат, Көпжан, Нұрдәулет, Бекжан, Арман, әпкелерім — Жанар, Анар және қарындасым — Сания жеңісті жақындатуға үлес қосқан аталарының жолын жалғау үшін әскери саланың тізгінін ұстап, елге қызмет жасауда. Олардың бала күннен атасы туралы бір дерек білуге деген құштарлығы осы салаға жетеледі. Бәріміз әскери қызметте жүріп, аналарымыздың амандығы, балаларымыздың саулығы, еліміздің тыныштығы үшін аяғымыздан тік тұрып, ел алдындағы адалдығымызды танытып жатырмыз.

Деректерге жүгінсек, Қазақстаннан майданға аттанған азаматтардың тең жартысы соғыстан оралмаған. “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын” дегендей, бүгінгі ұрпақтың кешегі соғыстан оралмаған боздақтарды еске алуының өзі оларды патриоттық рухта тәрбиелеудің бір кепілі. Бүгінгі қазақстандық әрбір жасөспірім азаттықтың қадірін білу үшін өткенге жиі көз тастап отыруымыз қажет. Сонда ғана олар жеңіл әзіл, бос сөзден тиылып, мәнді іске бет бұрады.

Жеңіс күні бүгінгі ұрпақ ұрыс даласында қаза тапқан азаматтарға құрмет көрсетіп, олардың рухы алдында тағзым етеді. Майдангердің отбасы ретінде бізде еліміздің тыныштығы үшін жанын берген, біздер ашық аспан астында ғұмыр кешсін деп ғұмырын қиған атамыздың ерлігі алдында бас иеміз.
Жыл сайынғы өтететін айтулы мереке мен үшін атамызға деген құрметті арттыра түседі. Жасап жатқан ісің «Ата жолын жалғастыру» деген сөзімен ұштасқанда, оның ізін басқандай жан дүниең асқақтап кетеді. Бейбіт заманда нағыз ер болу қиын. Сол үшін өмірдегі қарапайымдылық, қандайда бір ситуациядағы әділдік бізді биік ететінін ұмытпауымыз керек. Отан деген ұғымды терең ұғындырған Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын! Елімізде ғана емес, әлемде соғыс болмасын деп тілейік!

Нұрмаханбетов Бақытжан Керімжанұлы
Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры,

әділет майоры