Ерлер есімі ешқашан ұмытылмайды

230

1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни, 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты.

 

Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды.

Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды.Осындай батырларымыздың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы Төребеков Сейітжаппар. Ол 1920 жылы 8 тамызда ауқатты отбасында дүниеге келген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1928 жылы әке-шешесінің дүние-мүлкі тәркіленіп, Созақ ауданындағы абақтыға жабылады. Одан қашып шығып, Тәжікстан Республикасына кетеді. Ол жерде көп уақыт тұрақтамай, Өзбекстан Республикасына өтіп, Піскент ауданы, Андреев аулына барып, қоныстанады. Жетіжылдық мектепті бітіреді.

Ауылшаруашылығы саласында әртүрлі жұмыстармен айналысып, бригадир, шаруашылық ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1940 жылы қазанның 29 жұлдызында Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы, Орта Шыршық ауданы, «Пахтаабад» ұжымшарынан әскер қатарына шақырылған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, соғысқа аттанады. Воронеж облысы, Линецк ауданындағы N937 күзет ротасының взводында болады. Томбов қаласында әскери дайындықтан өткен соң, 1941 жылдың 6 желтоқсанында № 316 Панфилов дивизиясының құрамында Москва түбіндегі Дубосеково, Волоколамск тас жолында неміс-фашист басқыншыларына қарсы шабуылға қатысып, ерлікпен шайқасады.

1942 жылы Калининград қаласы маңындағы ұрыста аяғынан ауыр жараланып, Свердловск, Омбы, Томск госпиталдерінде емделіп, Өзбекстан Республикасындағы Андреев аулына қайта оралады. Соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері үшін I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталса, 1968 жылы «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» мерейтойлық, 1975 жылы «Ұлы Жеңіске 30 жыл» мерекелік, 1978 жылы «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» мерейтойлық , 1985 жылы «Ұлы Жеңіске 40 жыл» мерекелік, 1988 жылы «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» мерейтойлық және 1995 жылы «Ұлы Жеңіске 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Төребеков Сейітжаппар Ұлы Отан соғысынан II топ мүгедегі болып оралып,Үмітай атты бойжеткенмен отбасын құрады. Тыл еңбегіне араласады. Он ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.

1957 жылдың көктемінде туған жері Құмкентке оралып, Құмкент кеңшарында әртүрлі жұмыстар атқарады. Өзінің еңбекқорлығымен көзге түсіп, бригадир, шаруашылық ісінің меңгерушісі болады. Бақша өсірумен де айналысады. Ұл-қыздарын түгелдей оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. 1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. 2004 жылы мамырдың 2 жұлдызында соғыста алған жарақатының салдарынан қайтыс болады. Ұлы Отан соғысына қатысып, өзінің ерлігімен есте қалса, соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде де елі үшін аянбай еңбек етіп, елдің құрметіне ие болған Төребеков Сейітжаппардың әулеті өсіп-өніп, қазіргі уақытта 45 немере, 98 шөбере, 10 шөпшекке жетті. Бүгінде тірі болса, 100 жасқа толар еді. Елі үшін шайқасып, халқы үшін қызмет еткен батыр бабалары Сейітжаппар Төребековтің есімі –Төребековтер әулетінің мәңгі жүрегінде.

Мен – Оңалбек Ерман Оңалбекұлы, қазіргі таңда бабамның ел үшін жасаған игі істерін жалғастырып, Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында құрылған «Асар» мөлтекауданындағы 8 жылдық тарихы бар, атағы білім беру, өнер және спорт салаларында жеткен жетістіктерінің арқасында республикаға танымал №90 жалпы орта білім беретін мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарамын.

Ел болашағы – жас ұрпақты саналы да, білімді етіп тәрбиелеу жолында өз үлесімді қосудамын. Батыр бабам Төребеков Сейітжаппардың рухына тағзым ете отырып, барша қазақстандықтарды, ҰОС-ның және тыл ардагерлерін Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына береке, толассыз табыстар тілеймін. Елі үшін құрбан болған, жыл сайын қатарлары сиреп бара жатқан батыр бабаларымызға бізге сыйлаған Ұлы Жеңісі және бейбіт, тәуелсіз өмірі үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Оңалбек Ерман Оңалбекұлы

Шымкент қаласы №90 жалпы орта білім беретін мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары