Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің іс-әрекетінде ешқандай заңсыздық жоқ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхан Нарымбетова осылай дейді.

Аурухана дәрігерлері Гаухар Үкбаева 9 айда жұмысты көбейтіп, төленетін ақшаны керісінше азайтып жіберді деп БАҚ өкілдеріне шағым айтқан болатын. Алайда, комиссия мүшелері тексере келе аурухана басшысының ақ халаттыларды жарылқамауына медициналық ұйымның белшеден қарызға батқаны себеп болғанын анықтаған.

Тиісті тексерулер жүргізген жауаптылар бас дәрігердің ешкімді себепсізден-себепсіз жұмыстан қумағанын да алға тартты.

Нұрхан Нарымбетова, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Әрқайсысы өз өтініштерімен жұмыстан шыққан. Барлығы да жай дәрігер емес жоғары қызметтерге ауысқан».

Мақпал Рысбаева