Коронавирусты анықтайтын қазақстандық тест дайын. Бұл туралы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде айтты.
«Тесттердің партиясын шығаруға да әзірміз» деген ол қазір өнім ерекшеліктерінің анықталып жатқанын жеткізді. Еске сала кетейік, министрлік өкілдері қазақстандық мамандардың ай сайын COVID-19 инфекциясын анықтайтын 50 мың тест жасауға қауқарлы екенін мәлімдеген болатын.
Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері: «Коронавирусты анықтайтын қазақстандық тест жасалды. Олар шығаруға да дайын, алайда оның ерекшелігін анықтамай жатып көп мөлшерде шығаруды мақсат етіп отырған жоқпыз. Қазіргі кезде оның сапасын анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр».
Айта кетейік, осыған дейін елімізде коронавирус инфекциясы 5417 науқастан анықталған. 2287 адам бұл бұл дерттен айыққан болса, әлем жұртшылығын алаңдатқан жұқпа 32 адамды ажал құштырды. Ал Шыментте қауіпті инфекцияны осыған дейін 245 адам жұқтырған болса, оның 150 жазылып шыққан, 35 адам осы аурудан қайтыс болды.
Мақпал Рысбаева