Өңірлік кадр резервіне іріктеу 1 наурызда басталады

87

Елімізде алғаш рет өңірлік кадр резервіне іріктеу өткізілмек. Өтініштерді қабылдау 1 наурыздан басталады. Жоба мақсаты аймақтағы жастарды қолдау. Сол арқылы жас мамандардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, салаға жаңа серпін беру көзделген.

Қазақстанда 1 наурыздан бастап өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады. Алғаш рет ұйымдастырылып тұрған жоба аймақтағы жастарды қолдауға бағытталған. Мамандар бұл бастама 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтарға әлеуметтік баспалдақ болатынын айтады.

«Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын, басқару жүйесіне тың серпін беретін көшбасшыларды анықтауға бағытталған. Бұл жоба жастардың жұмыс барысында өсуіне, дамуына септігін тигізеді», – дейді  Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Сейтенов.

Аталған жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші турда үміткер резервке ілігу үшін өтініште кез келген аймақты таңдай алады. Ол үшін сол өңірде тұрғылықты тұрудың қажет жоқ. Ал сәуір айында тестілеу басталады.

«Тестілеу офлайн 2 блокта өткізіледі. Бірінші блокта заңнаманы білуге арналған тестілеу. ҚР Конституциядан 15 сұрақ, ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнан 15 сұрақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 15 сұрақ және әдеп кодексіне қатысты сұрақтарды қамтиды. 2 блогы жеке қасиеттерді бағалауға негізделген. Сұрақтарға ең жоғары жауап берген азаматтардың 50 пайызы ғана өтеді», – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан.

Өңірлік кадр резервіне 30 шақты азаматты алу көзделіп отыр. Ал оған өтінішті 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтына жолдауға болады.