Мақтааралдық шаруалар жайылым сұрайды

241

«Бізге жайылым берсін». Бұл ауылдары су астында қалған мақтаралдық шаруалардың талабы. Су тасқынынан төрт түлігін өз күштерімен аман алып шыққан тұрғындар малдарын қалай асырап-бағуды білмей дал. Ал әкімдіктегілер ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстарын бастап жіберді.

Бұл тұрғындар мал-жанын тасқыннан өздері арашалап алған. Бір-біріне көмек қолын созған жұртшылық төрт түлігін түгендеп, енді оны қайда асырауды білмей отыр. Бірі туған туысты жағаласа, енді бірінің жануарларды апаратын жері жоқ екен. Шаруалар енді жайылым сұрап отыр.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстау мақсатында Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінде уақытша малдарды ұстайтын жер қарастырылған. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде».

Мақтаарал ауданындағы су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік болмай тұр дейді жауаптылар. Десе де тиісті басқарма өкілдері тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеуде. Су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақтылайтын боламыз дейді.

Мақпал Рысбаева