Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа мемлекеттік орган – ҚР-ның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұмысын бастады. Агенттік – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау сынды міндетпен айналысады.

Агенттіктің Түркістан облысындағы өкілдігі 1 шілдеге дейін қаржылық ұйымдардың ресми тіркелуін қадағалап, кейін тексеру жүргізеді. Нәтижесіне қарай шара қолданылады. Бұл туралы брифингте агенттіктің Түркістан өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Нұржан Орманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар ресми қайта тіркеуден өтіп, заң талаптарына сай жұмысын бастайды.

«Агенттік және өкілдіктері әр өңірдегі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуды үйлестіреді. Мәселен, Түркістан облысында 25 микрокредиттік ұйым ресми жұмыс істесе, бүгінгі таңда оның 22-сі өтініш беріп, 17-ң құжаттары тіркелген. Қалғаны қаралуда. Сондай-ақ, өңірде 141 ломбард жұмыс істейді, оның 41-і өтініш беріп, 35-ң құжаттары рәсімделді. Тіркеу жұмыстары ағымдағы 1 шілдесіне дейін жалғасатын болады», – деді Нұржан Қонысұлы.

Басқарма бастығының мәлімдеуінше, агенттік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шараларын көрсету тәртібін де қадағалайды. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ осы бағдарламалар шеңберінде банктер қабылдаған міндеттемелердің орындалуын бақылайды.

«Агенттік борышкерлердің құқықтарын және мүдделерін коллекторлық агенттіктер тарапынан заңсыз әрекеттерінен қорғауға, коллекторлық қызметтің ашықтығын арттыруға, берешекті өндіріп алу тиімділігін және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Бұдан басқа, Агенттіктің құзыретіне халықтың қаржылық сауаттылығын және халық үшін қаржылық қолжетімділікті арттыруға бағытталған іс-шаралар кіреді» – деді.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі