«Шымкент 2020 – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылының ашылуы өтеді

344

«Шымкент 2020 – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылының телевизиялық нұсқадағы салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

2017 жылғы 11 қазанда Сочиде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары кеңесінің отырысында 2020 жылы Шымкент қаласы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) мәдени астанасы болып белгіленіп, «Шымкент 2020 – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының ресми, салтанатты ашу рәсімін қаладағы «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өткізу жоспарланған болатын. Алайда, әлемде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты бұл жоспар тоқтатылды.
Қазіргі таңда, қала әкімі М. Әйтеновтың бастамасымен және қолдауымен 2020 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласының күніне орай телевизиялық нұсқада «Шымкент 2020 – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Ашылу рәсімін өткізудің әзірленген тұжырымдамасына сәйкес, телевизиялық форматқа концерттік және ресми бөлімі бейімделетін болады. Көрсетілімінің алдында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің үндеуі-бейнеролик көрсетіледі. Бағдарлама келесі бөлімдерден тұрады – «Интро», «Ұлы мұраның бастауы», «Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс арасында» және «Шымкент – аңыздар қаласы»,«Қазақ халқының ағартушылары», «Менің Елiм».

Ресми бөлімі ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтің, Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының (МГЫҚ) Басқарма төрағасы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Әзірбайжан республикасының өкілі Полад Бюльбюль оглы және МГЫҚ Басқармасының тең төрағасы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Ресей Федерациясының өкілі Михаил Швыдкойдың бейне үндеулерін қамтиды.

Тележоба «Мир-24» халықаралық, республикалық телеарналарда және интернет желілерінде көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, қала күні мерекесі аясында жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта көптеген танымдық, мәдени-сауықтық шаралар, поэзиялық сағаттар, фестиваль-байқаулар, көрмелер өтеді.

Атап айтқанда, ТМД және еліміздің өнерпаздарының қатысуымен «Шуақ шашқан, Шымқалам!» атты мерекелік концерттік бағдарламасы, «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі аясында «2200 жылдық шежірелі Шымкент» Республикалық онлайн ақындар айтысы, «Ғажайып қала – Шымкент» жазба ақындар арасында онлайн мүшайра, «Ертегі қала – Шымкент» фотографтар арасындағы онлайн байқауы, «Балалар көзімен – Шымкент» жас суретшілер арасындағы сайыс, «Қайырымды қала – Шымкент» оқырмандар арасындағы онлайн оқу және ТМД шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының құттықтаулары.

 

 

QAINAR KÓZ Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы