Алаяқтар егде жастағы адамдарды жиі арбауына түсіреді. Осыған байланысты Қазақстанда зейнеткерлерге несие беру тәртібі қатаңдады. Енді несие беру туралы шешім клиенттің банк қызметкерімен бетпе-бет жүздесуінен кейін ғана қабылданады. Мамандар жаңа ереже қосымша қорғаныс боларына сенімді.
65 жастан асқан қазақстандықтар енді онлайн несие ала алмайды. Ол үшін банк бөлімшесіне өздері баруы тиіс. Менеджер клиенттің несие шарттарын толық түсініп тұрғанына және мұны алаяқтардың қысымымен емес, өз ырқымен жасап жатқанына көз жеткізуге міндетті. Бұл жаңашылдық егде жастағы адамдарға қарыз алғызып, ақшаны қылмыскерлерге аудартып жүрген телефон алаяқтарымен күресуге бағытталған.
ЕВГЕНИЙ ПИТОЛИН, QAZTECH АЛЬЯНСЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ: «Менеджер келушінің несие мәнін түсініп тұрғанына, ешқандай қысымсыз әрекет етіп жатқанына жеке өзі көз жеткізуі тиіс. Егер «Несие не үшін қажет?» деген сұраққа адам «Маған қоңырау шалып, рәсімдеуді сұрады» деп жауап берсе, банк бас тартуға міндетті. «Міндетті» деген сөз — мұндағы басты түйін. Бұрын бұл банктің өз қарауында болса, енді қатаң нормаға айналды. Осындай телефон алаяқтығымен бетпе-бет келген жандардың көбі жағдайды жақсы түсінеді деп ойлаймын: жәбірленушілер телефон арқылы тап бір гипноз алғандай әрекет етеді, банк менеджерін бірде-бір рет көрместен, онлайн несие рәсімдеп, биометриядан өтеді де, ақшаны бірден қылмыскерлерге аудара салады. Ал банкке жеке өзінің баруы алаяқтардың бұл сценарийін тас-талқан етеді әрі жауапкершілікті кәсіби маманға жүктейді»
Сарапшылардың айтуынша, зейнеткерлер алаяқтар үшін ең осал топқа жатады. Оған қоса кез келген қарияға банк бөлімшесіне жету оңай емес. Сол себепті де мамандар тек шектеу қоюмен шектелуге болмайды деп есептейді. Алаяқтарға қарсы басты қару — тұрақты профилактика. Жақындары егде жастағы туыстарына алдаудың жаңа нұсқалары туралы үнемі айтып, қылмыскерлердің қалай әрекет ететінін және күмәнді қоңырау түскенде не істеу керектігін түсіндіріп отыруы маңызды. Осындай әңгімелер бір реттік емес, әдетке айналуы тиіс дейді мамандар.
ҚАЛИЛАЛЛО БАЙТАСОВ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Зейнеткерлермен сөйлесіп, бұл ақпаратты жеткізу керек. Оларға алаяқтар психологиялық қысым көрсетпек болғанда не істеу керектігі жазылған материалдарды басып шығарып, көзге көрінетін жерлерге іліп қойған жөн. Ақпараттан хабардар болып, сақ жүруі үшін керек. егер алаяқтар байланысқа шығып, алдауға тырысса, келесі не істеу керегін түсініп отырады»
Мамандар қашықтан несие рәсімдеуге тыйым салу қызметін қосу және бейтаныс нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау сынды қосымша қорғаныс шараларын да қолдануға кеңес береді. Алаяқтар көбінесе өздерін банк, мемлекеттік орган немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырып, психологиялық қысым жасайды әрі тез арада әрекет етуді талап етеді. Мұндай жағдайда сарапшылар сөйлесуді бірден тоқтатып, ұйымның өзіне хабарласуды және міндетті түрде туыстарға ескертуді ұсынады.
Әсел Мәлік






