Úı ANONS Тағамнан уланудан қалай сақтанамыз?

Тағамнан уланудан қалай сақтанамыз?

Жазғы аптапта тағамнан улану қаупі бірнеше есеге артады. Мамандардың айтуынша, сырт көзге сапалы әрі балғын көрінетін көкөністер, жеміс-жидектер мен бақша өнімдерінің өзі қауіпсіздік талаптары сақталмаса, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Санитариялық дәрігерлер тағамнан уланудың алдын алу жолдарын түсіндіріп, маусымдық өнімдерді сатып аларда қандай жайттарға мән беру қажет екенін түсіндірді.

 

Жыл басынан бері Шымкент қаласының ауруханаларына жіті ішек инфекциясымен 500-ге жуық адам түскен. Әдеттегідей, жаз мезгілінде мұндай жағдайлардың саны арта түседі. Бұған көбіне қолды жумай тамақтану, жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидекті тұтыну, сондай-ақ азық-түлікті дұрыс сақтамау себеп болады. Санитариялық дәрігерлердің мәліметінше, биыл қарбыз, қауын немесе нитраттардан улану фактілері тіркелмеген. Соған қарамастан мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

 

Тағамнан уланудың алдын алып, сауда орындарындағы өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында базарларда, сауда үйлері мен супермаркеттерде сатылатын барлық көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдері міндетті түрде токсикологиялық зертханалық тексеруден өтеді.

 

Нитраттардан уланған кезде тамыр соғысы жиілеп, ентігу, ұйқышылдық, тез шаршау, бас ауруы, іштің ауыруы, жүрек айну және құсу сияқты белгілер байқалады. Ауыр жағдайда адам есінен танып, ерні немесе бет терісі көгеруі мүмкін. Сондықтан осындай белгілер байқалған жағдайда уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгініп, жедел жәрдем шақыру қажет.

Нұргүл Жолымбетова