2-ші  маусымнан бастап Шымкентте автовокзалдар жұмысын бастады.

Демек, Түркістан облысындағы қала, ауданаралық байланыс ашылды. Облысаралық бағыттар бойынша жолаушылар әзірге «Шымкент Алматы-Шымкент», «Шымкент -Тараз-Шымкент», Байқоңырға қатынай алады.

Алматы бағытында жолға шығатын жүргізушілердің бірі Біржан Тәкіш автобус жолаушыларды тасымалдауға дайын дейді. Салонда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, көлік жүргізушісінің де жұмыс орны залалсыздандырылды.

Біржан Тәкіш, автобус жүргізушісі: «Бүгін алғаш рет Алматыға жол жүреміз. Әзірге он шақты адам жазылды. Кешке дейін 25 адам жиналады ма, жоқ па? Құдай қаласа, сағат 18:00-де сапарға шығамыз. Адамдар карантинде жүрексініп қалған ба, жолаушылар аз. Бірі сұрап, жазылып жатқандары да бар».

Айта кетейік, бүгіннен бастап Шымкенттен өңірлер мен аудандарға жолаушы тасымалдайтын автобустар жолға шыға бастады. Жауаптылардың айтуынша, әзірге Түркістан облысының қала, аудандарынан бөлек Шымкенттен Алматыға, Таразға және Байқоңырға ғана бағыт ашылыпты.

Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы бір күн алдын автовокзал ұжымы, тасымалдаушы компания басшыларымен жиын өткізген. Онда жолаушылар тасымалына қатысты көлікте бетперде кию, залалсыздандыру сияқты сақтық шараларын мұқият орындау бойынша тапсырма берілген.

Бақжан Бейсенбекова,  «Самал» автовокзалы директорының орынбасары: «Алгоритм бойынша жолаушыларды көлікке отырғызу бойынша келісімге келдік. 11, 30 адам болса, барлығы маска киіп, салондағы орындықтарға  отырады. Қашықтықты сақтап бос орындар қалдырып отырғызса, көлік компаниялары шығынға батады».

Шымкент аумағында 4 автовокзал мен 2 автобекет жолаушылар тасымалымен айналысады. 9 облысаралық бағыт бойынша 67 кестеге сәйкес халыққа қызмет көрсетіледі. Карантин аяқталғаннан кейін де қауіпсіздік шаралары мұқият орындалуы тиіс екенін сала мамандары ескертеді.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Мемлекеттік бас санитар және Шымкенттің бас санитарының қаулысына сәйкес барлық сақтық шараларын жолаушылар да, тасымалдаушы компаниялар да міндетті түрде орындауы тиіс. Жолаушылардың  дене температуралары тепловизор арқылы тексеріліп, әр екі сағатта  көлікте, автовокзал, аумағы мен күту залдарында дезинфекция жүргізілуі тиіс».

Таразға шаруаларымен жолға шыққан Жанна Сейітжан «сақтық шараларын сақтау өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін екендігін азаматтар естен шығармауы тиіс» дейді.

Жанна Сейітжан, жолаушы: «Өте жақсы болды, карантиннен кейін адамдар далаға шығып жол жүріп жатырмыз. Карантинде отырып көп нәрсені бағалайтын болдық, барлығымыз қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындасақ, тез індеттен толық арыламыз» деген сенімде.

Автовокзалдардағы күту залдары мен кассалар аумағында залалсыздандыру шаралары әр екі сағатта жүргізілуі тиіс. Екі айдай карантинде болған тасымалдаушы компаниялар талаптарды орындаймыз, алайда аяққа тұрғанша салық төлемдерін шегерсе деген өтініштерін де айтып қалды.

Шынар Оразова