Шымкентте карантин 6 шілдеге дейін созылады

164

Шымкенте карантин 6 шілдеге дейін жалғасады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді. Демалыс күндері барлық нысандар жұмысын тоқтатады.Тіпті шаһарда автобус та жүрмейді.

Шымкентте эпидемиялық ақуал мәз емес. Ковид-19 дертіне шалдыққандар қатары күн санап көбейіп келеді. Кешегі тәуліктің өзінде қалада қауіпті вируспен 48 науқас тіркелген. Ол аз болғандай мегаполисте пневмания мен ЖРВИ де өршіп тұр. Бұл сырқат түрлерін жұқтырғандар қатары биыл жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 50 пайызға дейін артқан дейді салаға жауаптылар.

Осы келеңсіздіктерді ескерген билік өкілдері карантин шектеулерін қатаңдатып, мерзімін 6-шілдеге дейін ұзартып отыр. Бұдан былай демалыс күндері қалада барлық нысан жұмысын тоқтатады. Сенбі жексенбіде тіпті шаһарда бірде-бір автобус жүргізілмейді.

Ербол Садыр,Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар сақталмайды. Жолаушылар маска кимейді. Қаулыға сай қалада барлық нысандар демалыс күндері жұмыс істемеу туралы шешім қабылданды. Сенбі, жексенбі күндері әркім өз отбасында болуы тиіс».

Індеттің дендеуіне қайта жұмысын бастауға рұқсат алған нысандардағы санитарлық талаптардың сақталмауы да себеп болып отыр. Мониторингтік топ осыған дейін қаладағы ортақ ережелерге бағынбаған 160 бизнес өкілін жауапқа тартқан. Қарапайым ғана қағидаларға шекеден қараған кей кәсіпкерлер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Ербол Садыр,Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Күн сайын тексеру жүргізіледі. Сол тексерулер нәтижесінде 10 нысан жабылды».

Енді демалыс күндері қоғамдық орындар мен саябақтар, скверлер, аквапарктер, фитнес орталықтары да жұмыс істемейді. Той-думан, отбасылық шараларды ұйымдастыруға да рұқсат жоқ дейді шенеуніктер. Дегенмен, карантин ұзарғанымен қалада блок посттар қойылмайды.

Мақпал Рысбаева