Шымкенттегі «Астана» саябағының қайда екенін білесіз бе?

Демалыс орнының бүгінгі ахуалы. Жекеменшік үйлер салынып жатыр.

6-шілде Астананың туған күні. Елорданың мерекесіне орай, соңғы екі аптадан бері Шымкентте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бірақ, Елорданың құрметіне арнап ойластырылған игі істер толық жалғасын тапты ма? Біз бұл ретте осыдан 8 жыл бұрын еліміздің жүрегіне айналған бас қалаға арнап жерлестеріміздің «Астана саябағын» салуды жоспарлағанын тілге тиек еткіміз келіп отыр.

2004 жылдың сәуір айы. Қалалық сенбілік. «Астана» саябағына жасыл желек отырғызылуда

Мейрам қарсаңында Шымкенттегі «Астана саябағын» іздестірдік. Өткенді еске алып, мұрағатты ақтарып көріп едік, демалыс орнын салу ісі 2004 жылы басталған екен. Шаһардың Ерімбетов көшесі мен Шымкент каналы қиылысынан орын тепкен саябаққа сол шақта жергілікті шенеуніктер бастап жасыл желек отырғызылғанын да бейнетаспағы түсірілімдер дәлелдеді. Жас ағаштарды отырғызып, сол шақтағы облыс әкімінің орынбасары Светлана Бурлаченко жүр.

Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Тахир Узденовты тыңдап отырып осы жұмыстар үшін жергілікті бюджет 250 мың теңге бөлгенін де еске алдық. Мұрағатты қарап отырып, «Астана» саябағының бүгінгі ахуалын көрмекке сол мекенжайға барып едік, мүлдем өзге көрініске тап болдық. Олай дейтініміз, саябақтың орнын бүгінде алып құрылыстар басқан. Жекелеген зәулім сарайлар мен нысандар бой көтеріпті онда. Таң-тамаша болдық. Сонда «Астана» саябағы қайда кеткен?

Демалыс орнының бүгінгі ахуалы. Жекеменшік үйлер салынып жатыр.

Ол саябақ енді жоқ деді бізге Шымкенттің қазіргі сәулетіне жауапты басшылар. Өйткені, белгісіз бір себептермен саябақ орны жекеге сатылып кетіпті. Мұны сол уақыттағы ауылдық әкімдер жасаған-мыс. Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Нұрлан Архабаев бұл орынтаққа 2010 жылы келгенде осы мәселе бойынша біршама жұмыс істепті. Бөлім бастығына да, жоғалып кеткен саябақтың кейінгі тағдыры қызықтырған. Құжаттарды ақтара келе Нұрлан Төлепбергенұлы саябақ ісінің аяқсыз қалғанына куә болыпты. «Игі іс басталған, бірақ әрмен қарай дамытылмаған. Жерін де балансқа алмаған. Жоба сызба күйінде ғана қалып кеткен», – дейді Н.Архабаев.

Енді не істемек керек? Демалыс орнының салынбай қалуына ауысқан әкімдер айыпты ма, бөлім бастықтары кінәлі ме? Бұл мәселеден Нұрлан Төлепбергенұлы хабарсыз. Есесіне, Астана саябағының орнын жақында салына бастайтын жаңа саябақ басуы мүмкін екен. Іс біткен соң оған Астана атын неге бермеске дейді ол.

Қанық жасылмен боялған аймақ жаңа саябақтың орны

Нұрлан АРХАБАЕВ, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы: «Астана саябағы» салынуы тиіс аумаққа қазір әкімшілік іскерлік орталық салынып жатыр. Егер көше атауы өзгере қалса, жаңа демалыс орнына неге Астана атауын бермеске дегенім ғой. Өйткені, оның аты әлі бекітілген жоқ. Егер қазынадан бөлінген қаражат жетіп, ойымыз толығымен іске асып жатса, 10-15 жылда қаланың солтүстік аумағына салынады делінген жаңа саябақ шаһарды мүлдем өзгеше шырайландырып, сәулетіне сұлулық қосары анық».

Аумағы 25-30 гектарды алатын саябақ алдыңғы жобаға ұқсап жоғалып кетпейтініне сәулетші сенімді. Ол үшін жергілікті әкімдік 26 млн. теңгесін бөліп те қойған. Жаңа демалыс орны жайлы алдағы уақытта толыққанды мәліметті өздеріңізбен бөлісеріміз анық. Әзірге сәулетшілер айтып, көңілді бір демдеген жаңалық осы болып тұр.

Сонда да, көлемі шектеулі ғана саябақтардың салынуында осындай мәселе туындап, орны ауыса берсе, Шымкенттің бас жоспарын әлі ұзақ күтетініміз анық. Ал Назарбаев айтқан үшінші қала болу үшін талап нақты орындалуы керек болар!